Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Киесі құндының обалына қалмайық

Киесі құндының обалына қалмайық

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аң стиліне ерекше тоқталып, рухани байлығымыздың айшықты белгісі екенін көрсетті. «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған» деп аң стилінде ата-бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын айтты. Оның ішінде оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгеріп, «аң стилі» феноменін қалыптастырғанын атады.
Расында, адамзат баласы табиғатпен тамырлас. Бұл екеуін бір-бірінен ажыратып айтуға болмас. Ежелден табиғаттың қыр-сырына қанық болған бабаларымыз әуелде аңшылықты кәсіп еткен. Аң аулаудың түрлі тәсілдерін меңгеріп, сол арқылы өмір сүрді. Оның көрінісін дала өркениетінің адамзат дамуына қосқан теңдессіз үлесінің бірі саналатын аң стиліндегі жауһарлардан білуге болады. Онда түз тағысы саналатын жыртқыштар, түрлі наным-сенімдегі аң-құс бейнеленіп, сол арқылы өздерінің рухты, текті халық екендіктерін ұғындырып отырған. Жарты әлем жапырақ жамылып жүргенде, алтыннан сауыт киген бабаларымыз «аң стилі» өнерін асыл мұраның жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі еткен. Міне, осы себепті де қазақ халқы аңшылықты ата кәсіп санағанымен, оны құнды өнер ретінде де бағалаған.
Жалпы, археологиялық жұмыстар барысында табылған жәдігерлерде аң-құстың бейнеленуі – мұның құнды өнер екенін ұғындырса керек. Тіпті, аң стиліндегі әр түрлі әшекей заттарды мүрдемен бірге жерлеу – сол кездердегі діни салт-жоралғы сипатта болғанын айғақтайды. Аң-құстар, жануардың, түз тағысының бейнесі ерекше мән-мағынаны білдірген. Өнер туындылар ішіндегі бірегей, қайталанбас түрі саналатын бұл стиль рухани байлықтың ерекше элементі ретінде тарихта қалды. Аң стилін тұрмыста пайдалану – адамзат пен табиғат арасындағы тылсым құдіреттің, іштей үндестіктің барын білдіреді. Адам ғұмырының табиғат-анамен сабақтас, тағдырлас, тамырлас екенін танытады.
Қазақта жүгірген аң, ұшқан құсты мүлт жібермеген талай сұрмергендер бол­ған. Алайда олар табиғат тепе-теңдігін сақтайтын аң-құсты бей-берекет қыра бермеген. Әфсаналарда, аңыз-әңгімелерде бір елді, қауымды аштықтан аман алып қалу үшін сол елдің ұланы аңшылықпен асырғаны туралы көп айтылады. Мұның өзінде олар тек елге қажеттісін ғана аулап, ашкөздік танытпаған. Өйткені олар аң-құстың киесі бар екенін білген. Обалдық жасамауды еш ойдан шығармаған. Кәсіп етсе де, аң-құсқа құрметі болған. Ал ашкөздік танытып, кездескен аң-құсты қыра берген аңшылардың әуселесі алысқа бармаған. Бұған мысал көп.
Мәселен, қазақта «Аққуды атпа, досыңды сатпа» деген нақыл бар. Құстардың падишасы болған аққу киелі құс саналады. Бірде аңшылар көлден қаз атамыз деп шықса керек. Аңшылыққа аңсары ауғандар су жағасына келсе ылди сайға бөлініп қалған көлде аққу құстар қонақтап, су астына бастарымен сүңгіп жемтік іздеп, қаннен қаперсіз айналсоқтап жүзіп жүр екен. Мұны қаз деп ойлағандар мылтықтарымен кезек-кезек атып, көл бетіндегі аққуларды ұшырмастан сұлатады. Шамалы уақыт өткенде көлге құлай қоған бір топ құсты да атып түсіреді. Сөйтіп, көл бетіндегі құстарды судан шығарғанда аңшылардың бірі мұның қаз емес аққу екенін аңғарған. Бірақ бұз кезде бәрі кеш болған. Құстың патшасы саналатын аққудың киесін білетін сол аңшы «Маған не болар екен» деп, аққу атқанын ойлаумен жүргенде кешікпей екі жанарынан айырылыпты. Көздің қарашығындай екі баласының біреуі айықпас дертке шалдығып, екіншісі есінен алжасқан. Одан кейін жары, артынша өзі ажал құшыпты. Босаға күйреп, шаңырақ ортаға түсіп, әлгі адамнан ұрпақ жалғаспай қалған.
...Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім..., – деп Сәкен Сейфуллин жырлаған ақбөкен де киелі аң саналады. Бұл аңның да киесі адамға кесапатын тигізеді. «Қызыл кітапқа» енген киелі жануарды қырып-жойғаннан жақсы болған ешкім жоқ. Кезінде бір кісі ен далада ақбөкенді қуып, тоғыз рет атқан көрінеді. Бойына оқ дарыса да сұлу жануар құламай қаша беріпті. Сол сәтте есін жиған әлгі кісі кілт тоқтайды. Обалын ойламай оқ ата берген жан киіктің киесін біліп, сол жерде тәубесіне түсіпті. Бірақ та елге келісімен оның үйінен береке кеткен. Көп ұзамай әкесі дүние салған. Айта берсе, аң-құстың киесі туралы осындай мысалдар көп.
Қазір қарашаның нақ ортасы аңшылықтың мезгілі екенін ұғындырып тұр. Қансонардың өзі болмаса да қаруын асынғандар даладағы аң-құсты қырып әлек. Қанжығасы майланғанын қанағат қылмай, ұшқан мен жүгіргенді жібермегендер олардың киесі мен обалын білгені дұрыс. Жазықсыз жануарларды көздей бергеннің обалы өзіне тиетінін ұққаны абзал.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
16 қараша 2019 ж. 588 0