Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізгілік нұры насихатталды

Ізгілік нұры насихатталды

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» тақырыбында ІІІ республикалық имамдар форумы өтті. Оған еліміздің барлық аймағынан дін мамандары мен мешіт имамдары қатысты. Форум барысында дін мәселелері кеңінен талқыланып, бірқатар құжат қабылданды. Осы ретте аудандық мұсылмандар мешітінде аталған форумда қабылданған құжаттарды талқылау мақсатында басқосу ұйымдастырылды.
Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов басқосу басталмас бұрын аудан әкімі Руслан Рүстемовпен кездесіп, ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғыр­на­масы, «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «ҚМДБ құрылы­мындағы діни лауазымдар тізілімі» құжаттарымен таныстырды. Сон­дай-ақ Діни басқарма тарапынан «Мұ­нара» газетінің жарыққа шығып жатқанын айтып, аудандағы діни ахуал жайлы пікірлесті.
Мұнан кейін аудандық мұсыл­мандар ме­шітінде ауданға қарасты ауыл имамдарының қатысуымен жиын өтті. Жиында облыстық «Ақ­мешіт-Сырдария» мешітінің бас­ има­мы Болатбек Әбуов сөз алып, фо­рум аясында қабылданған құжат­тардың мазмұны мен маңыздылығын тү­сіндіріп, бірқатар тапсырмалар берді.
– Биыл үшінші рет Елордада имамдар форумы өтті. Форумның негізгі мақсаты – рухани құндылықтарды қоғам ортасында кеңінен насихаттау болып табылады. Форумда қабылданған құжаттар діни, рухани саладағы жұмыстарға жаңадан серпін берді. Сондай-ақ құжаттар ел азаматтарын бірлікке, мейірімділікке, Отансүйгіштікке, әділ болуға, еңбекқорлыққа үндейді. Осы ретте, діни рәсімдер әр өңірде әртүрлі болмауы үшін арнайы тізілім қабылдан­ды. Мұндағы мақсат – діни рәсімдердің бірдей тізілімін құру. Айта кету керек, ХХІ ғасыр имамын тек мешітке қатысты құлшылық амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды. Яғни бүгінгі мешіт имамы біз күткен дәрежеден әлдеқайда биік тұруы тиіс. Әрбір мешіт қызметкері қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбат­таса алатын рухани көшбасшыға айналуы қажет. Біз осыны қазіргі имамдардан талап ете бастадық. Имам ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы болуы керек. Форум қорытындысы бойынша қабылданған маңызды құжаттар жөнінде айтар болсақ, «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы, «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «Діни қызметкерлердің лауазымдық міндеттері», «Діни лауазымдар тізілімі» Қазақ­стан мұсылмандары діни басқармасы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп дайындалған. Ерекше назар аударатын жағдай, елімізде мұндай құжаттар алғаш рет қабылданып, қолданысқа енгізілуде. Бұл діни ұғымдар, рәсімдер мен міндеттерді жалпы ұғу және түсіндіру қажеттілігінен туындады. «Жеті рухани қазық» мұсылмандардың Рухани Тұғырнамасында Қазақстандағы Исламның өзіндік даму жолын анықтайтын негізгі рухани құндылықтар мен бағыттар бекітілген. «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» азаматтарға діни қызметшілердің діни жораларды қалай орындауы керектігі туралы толық түсінік береді. «Діни қызметкерлердің лауазымдық міндеттері» және «Діни лауазымдар тізілімі» құжаттарында діни қызметке жауапты аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі имамдардан бастап институт, медресе және медресе-колледж директорларына дейін барлық діни қызметкерлерге арналған лауазымдық міндеттер мен біліктілік талаптары айқын көрсетілген, – деді Болатбек Ұласқанұлы.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

12 қараша 2019 ж. 629 0