Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданы даму көкжиегінде

Сырдария ауданы даму көкжиегінде

Қазақстан Президенті «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстан тұрақ­ты­лығы мен өркен­деуі­нің негізі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органи­калық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндік бар» деген еді. Ауылшаруашылықтың бүгінгі аухалы, түйткіл мә­се­­лелері жайында Сыр­да­рия ауданының әкімі Рус­лан Рүстемовпен тіл­дес­тік, – деп жазады aikyn.kz  тілшісі.
– Жалпы, Жолдауда жер көлемін кезең-кезеңмен ұлғайтып, соның есебінен өнім көлемін арт­тыру, сыртқа өнім шығаруға қол­дау көрсету, өнім өңдейтін кәсіп­о­рындар әлеуетін арттыру, жем­шөп базасын нығайту мәсе­ле­лері көте­ріл­ді. Президенттің жол­дауы жайын­да сіз не айтар едіңіз?
– Жолдауда бірқатар өзекті мәселелер айтылды, атқарушы билікке көлемді міндеттер жүк­тел­ді. Қазақстанның агроөнер­кәсіп кешенінде бүгінге дейін де көптеген іс атқарылды. Қазір оларды еселей түсу міндеті қойы­лып отыр. Оның үстіне, елімізде ауыл шаруашылығын қолдау бағытында көптеген жұмыс жүр­гізілуде. Агроөнер­кәсіптік кешен экономиканың тұрақты дамып келе жатқан саласының бірі ғана емес, сонымен бірге бизнес үшін экономикалық тұр­ғы­дан тартым­ды салаға айналып отыр.
Сондай-ақ қазақ малының еті мен сүті молая түсті. Мал шаруашылығының еліміз үшін алар орны ерекше. Өйткені мал шаруашылығы мен ауыл шаруа­шылығының тек жалпы өнім беретін саласы емес, халықты маңызды азық-түлікпен қамта­масыз ететін негізгі жүйе. Сон­дықтан да Сырдария ауданы бойынша ауылшаруашылық саласы қарқынды даму үстінде деп сеніммен айта аламын.
– Сырдария ауданы бойынша ауылшаруашылық саласы қарқын­ды дамуда деп қалдыңыз. «Агро­өнер­кәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылға арналған мем­лекеттік бағдарламасы» бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Сырдария ауданы бойынша биыл 32 597 гектарға дәнді-да­қыл­дар отырғызылды. Оның ішін­де күріш – 21 050 га, бидай – 1 728 га, сұлы – 58 га, мақ­сары – 300 га, жүгері – 10 га. Ал шаруа­­шылық құрылымы егіс­ке қажетті 13 мың тонна ми­не­рал­ды тыңайт­қ­ыш пен 16 мың литр гер­бицид пайдаланды. Мәселен, күріш алқабы тыңайт­қыш­­пен қорек­тендіріліп, 17,5 мың гекта­ры арамшөпке өңделді.
Аграрлы ауданның еңбек­керлері жыл сайын күріштен рекордтық көрсеткіште өнім жинап, ел қамбасын алтын дәнге толтыруда. «Балапанды күзде сана» деген сөз әрбір диқанға арналғандай. Міне, еселі еңбек етіп жүрген диқаншылар әрбір атыздықты бағамдап, қамбаға мол өнім құюда. Бүкіл респуб­ли­каға үлгілі ауыл – Нағи Ілясов елді мекені. «Егін ырыс таңда­майды, еңбек таңдайды» дегендей ырзық-несібесін жерден теріп, атакәсіпті кеңінен дамытып жат­қан «Қызылдихан» шаруа қожа­лығының төрағасы А.Құлбаев­ты атауға болады. Егістік басында еңбекке шыныққан бригадир, трактористер, дихан­дар ала жаз бойы егіннің бітік шығуына бар күшін жұмсайды. Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары биыл да мол өнім жинайтынына сенімді. Сондай-ақ Шаған ауылын­дағы «Шаған-жер» ЖШС мол өнім алу үстінде.
– Қызылордаға жақын маңға орналасқан Сырдария ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы жан-жақты дамыған, «түгін тартса майы шығатын» жерге айналып отыр. Табысын тайқазанға тасыт­қан сырдариялықтар ауыл шаруа­шылығы бойынша ауданда­ғы атқарылған жұмыстарға тоқтал­саңыз?
– Аудан бойынша 1 728 гектар жаздық бидайдан 2 061 тонна өнім алынды. Орта өнім 11,9 центнер, 58 гектар сұлыдан 40 тонна өнім алдық. Жеті центнер, үш жүз гектар мақсарыдан 250 тонна өнім жиналды. Бүгінде картоп, көкөніс, бақша дақыл­дарын жинау жұмыстары жүргі­зіліп жатыр. Қазір шаруашылық­тар жоңышқа дақылының екінші орымын аяқтап, 15 мың тонна мал азығын жинады. Ал биылғы егілген жаңа жоңышқадан мың жарым тоннаға жуық шөп жиналды. Егін жинау науқанына 200-ден аса комбайн, 300-ден аса трактор қатысуда. Биылғы жылы ауылшаруашылық құрылымдары бойынша, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 929,7 млн теңгеге 27 дана, өз қара­жаты есебінен 74,8 млн тең­геге 10 дана ауыл шаруашылы­ғы техникасы сатып алынды.


– Соңғы жылдары ауыл шаруа­шылығын, оның ішінде мал шаруа­шылығын қолдау бағытында көп­теген іс-шара жасалуда. Мы­салы, «Етті мал шаруашы­лығын дамыту­дың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша жасалған жұмыстар қандай?
– Бұл бағдарлама мал өсіру­мен айналысатын фермаларды, кооперативтерді, репродуктор­лық шаруашылығымен борда­қылау алаңын біріктірді. Оған қоса, ет өндірісін ұлғайтудың бірыңғай жүйесінің қалыпта­суына, ет экспортын ұлғайтуға жақсы серпін берді. Жергілікті малдың өнімділігін жоғарылату үшін асылтұқымды малды сатып алып, тұқымды түрлендіріп, қолдан ұрықтандыру жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ сырттан мың бас МІҚ малды сатып алу арқылы бордақылау алаңын іске қосамыз.
Ет өнімін өндіру көлемін ұлғайту үшін бордақылауға қажетті бұқашықтарды «Сыбаға» бағдарламасы арқылы фермерлік шаруашылықтар алуда. Және мал шаруашылығының тиімділігін арттырып, ішкі және сыртқы нарықтағы сұранысты қамтама­сыз ету үшін «Абай Дәулет» ЖШС күтіп бағудағы 3 115 бас уақ мал басын 5 мыңға жеткі­зіп, бор­­­дақылау алаңы арқылы ет өн­діреді. Құс шаруашылығын да­мыту үшін «Жан Арай» шаруа қо­­­жа­лығы 7 мың бас «Линда» тұ­­­­­қымды қаз құсын 10 мыңға жет­­­кі­зіп, құс етін өндіруді артты­руда.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының артуына зор септігін тигізген мемлекеттік бағдарламалар – тұрғындардың игілігі үшін жұмыс атқаруда. Соның ішінде, «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту» бағдар­ламасы арқылы мал шаруашылығын дамыту бағытында несие алған кәсіпкерлер мен шаруашылық­тар­ды қамтамасыз ету қанша­лық­ты мүмкін?
– Негізі осы бағдарлама бойынша ауданда кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, аудан бойынша эконо­ми­калық белсенді халық саны – 18 046 адам. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 690 азамат хабарласып, кеңес сұрады. Ал 688 азамат жұмыспен қамту­дың белсенді шаралары бойынша жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 132-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Тек соның бес па­йыз­­дан астамы жұмыссыз. Алай­да осы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша былтырдың өзінде ауданда 100 адамды техни­калық, кәсіптік біліммен және қысқамерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету жоспар­ланып, республикалық бюджеттен қара­жат қаралған. Соның арқа­сында кондитер, бала күтушісі, пе­дикюр-маникюр шебері, авто­көлік слесарі, тігінші, ұялы теле­фон жөндеу шебері, шаш үлгісін жасау шебері бойынша азаматтар оқытылды. Сонымен бірге кәсіби оқуға аудандық білім бөлімі ар­қылы 25 бала Сырдария аграр­лық-техникалық коллед­жінде дәнекерлеуші мамандығы бо­йын­­­ша 10 ай оқытылуда.
Жаппай кәсіпкерлікті да­мы­туға орай «Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ар­қы­лы мал шаруашылығымен ай­­налысуға, «Бастау – бизнес» жо­басына қолдау көрсетілуде. Халықты жұмыспен қамтуға жәр­дем­десу және еңбек ресурс­та­ры­ның ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға бюд­жеттен ақша бөлініп, жастар тәжірибе алмасуда. Сонымен қатар ақылы қоғамдық жұмыспен 400 жұмыс­сыз азаматты қамту белгіленген. Енді оның 273-і қо­ғам­­дық жұ­мыс­­қа жіберілген. Әлі де бұл жұ­­­мыстар атқарылып жа­тыр.

Сұхбаттасқан
Миуа Байназарова,
Қызылорда облысы

18 қазан 2019 ж. 413 0