Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңызды құжаттың ықпалы зор

Маңызды құжаттың ықпалы зор

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа «Сындарлы қо­ғам­дық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын ұсынды. Жолдаудың маңызды болуы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелерімен сәй­кес келуінде. Бұл Президент өзі қабылдаған шешім­дердің жүйелілігін және Қазақстан халқы үшін нақты жауапкершілікті сезінетіндігін көрсетеді.
Биылғы жыл бүгінгі қоғамның саяси мәселелерді талқылауға, оған белсенді қаты­суға дайын екенін көрсетті. Қоғамдық сая­си реформаларға сұраныстың ерекше жоғары болғанын байқатады. Сондықтан да Жолдаудың тақы­рыбы Қоғамдың диалогқа құрылуы саяси құжаттың негізгі өзегіне айналды. Елдің саяси жүйесін кезең-кезеңмен жаңаша жаңғыртуға шақыра отырып, Президент оның базалық сипатын атап көрсетті: « ... елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша табысты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес». Жалпы атқарушы билікке мемлекеттік міндеттерді ашық талқылауды бастауды ұсынды. Осыған байланысты көп партиялықты одан әрі дамыту, қоғамдық келісімді сақтау, халықпен тиімді байланыс орнату, митингілер туралы заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелерге баса назар аударды.
Президент осы құжат арқылы тіл мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл жөнінде ол: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп атап көрсетті.
Сонымен қатар Президент өз Жолдауында сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс пайдалануға, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, жалпы халықты алдыңғы кезекте толғантып жүрген мәселелерге ерекше көңіл бөлетінін айтты. Алдағы саяси реформалар сияқты бұл мәселелер Қазақстанның әрбір азаматы мемлекет тарапынан қамқорлықты сезінуіне және өзінің конституциялық құқықтарын қорғауға сенімді болуына бағытталуы тиіс деп нақтылады.
Мемлекетіміздің болашағы білімді жастардың қолында екенін тағы да айта келіп, білім берудің маңыздылығына тоқталды. Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жою, сапалы білім беру, жоғары оқу орындары жұмысын қадағалау және ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру мәселесі де көтерілгенін айта кеткен жөн. Президент өз Жолдауында көрсеткендей, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі білім беру сапасын жетілдірумен тығыз байланысты. Сондықтан Президент атап айтқандай, «маман даярлау ісі еліміздегі және ғаламдағы еңбек нарығынан тыс қалмағаны жөн», деп нақты жұмыстарды атқаруға үлкен міндеттер артып отыр.
Мәдениет саласының ардагері ретінде Жолдауда осы салаға қатысты жағымды жаңалық айтылғаны қуанышты. Күллі әлемге елімізді танытатын саланың дамуы онда еңбек ететін мәдени қызметкерлердің жан-жақтылығына, оларға жасалған қамқорлықтың арқасында көрінеді. Сондықтан мәдени мұраны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған қызметкерлерді бұл жолғы Жолдау ерекше қуантқаны белгілі.
Президент маңызды құжат арқылы қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылын сындарлы деп есептеп, азаматтарды ашық диалогқа шақырады. Президент өзекті, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін ашық айта келе, оларды шешудің ұтымды жолдарын ұсынды. Ал біздің міндетіміз аталған барлық міндеттердің орындалуына қолдау көрсету.

Алма БАҚТИЯРОВА,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы,
мәдениет саласының ардагері
17 қыркүйек 2019 ж. 606 0