Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ОЗЫҚ ҮЛГІДЕГІ БІЛІМ МАЗМҰНЫ

ОЗЫҚ ҮЛГІДЕГІ БІЛІМ МАЗМҰНЫ


Білім деңгейін жетілдіру жұмыстарын біршама оңтайландыру мақсатында қарқынды бастамалар жүзеге асуда. Оқу бағдарламаларына жаңа технологияларды енгізе отырып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру заман талабы. Келешекте кәсіби бағдарлы оқу құралдарын шығара отырып, заманауи мамандарды даярлауда білім сапасы артады. Осыдан 10 жыл бұрын ел көлемінде Назарбаев Зияткерлік мектептері құрылған болатын. Облыс орталықтарына дарынды балаларды бір арнаға тоғыстырып, озық ойлы, білімді ұрпақты тәрбиелеу қолға алынды. Жыл басынан Зияткерлік мектептің негізгі бастамасы арқасында «Қолдайық ауыл мектебін!» тақырыбында акциялар ұйымдастырылуда. Осы орайда ауданға қарасты №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп акцияны өткізуге басты нысан ретінде таңдап алынған. Мектеп ұжымы Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен байланыс орнатып, ондағы тәжірибелерді меңгеріп, пәндері бойынша сабақтар өткізілді. Бітіруші түлектер ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын оқу базасында жетілдірді.
Кеше №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектеп базасында Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтарының ұйымдастыруымен акция жұмысы қорытындыланды. Шара барысында алғашқы кезекте «Ұлы дала ұлағаттары» оқу бұрышы ашылды. Бұған Зияткерлік мектеп директоры Ж.Бақыт, Қызылорда қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры С.Камалова, кент әкімінің орынбасары А.Ұзақбаев, «Сырдария әйелдері қоғамдық бірлестігінің» төрайымы Ұ.Жанәлиева, еңбек ардагері З.Жүсіпбайұлы, білім бөлімінің мамандары, мектеп ұжымы қатысты. Арнайы бұрышта білім ордасына сыйға тартылған 400-ге жуық кітап, әдістемелік құралдар, доптар, құмырадағы гүлдер қойылды. Өз кезегінде акция қонақтары сөз алып, аталған акция жұмысын жоғары бағалады.
Бұдан кейін Назарбаев Зияткерлік мектебінің жобалары шеңберінде «Жарқын болашаққа – кемел біліммен» тақырыбында концерттік бағдарлама ұсынылды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ж.Бақыт сөз алып, акция мазмұнын ашып айтты. Мектеп базасында жүзеге асатын жобалар төңірегінде мәліметтер келтірді. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы Жолдаудан туындайтын мәселелерді жүзеге асыру барысын айтты. Мектеп өнерпаздары ән айтып, би биледі. Күй тартып, көпшілік назарына ұсынды. Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары арнайы оқу курстарын өткізді.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
31 мамыр 2018 ж. 962 0