Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білектілер сайысы

Білектілер сайысы

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұйымдастырылған «Жігіттің төресі – 2019» аудандық байқау әдеттегіден өзгеше форматта өткізілді. Мәдениет үйінің сахнасында емес, сайыс стадионда болып, жігіттер ат үстінде өнер көрсетті.
Ізгі шараны аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев ашып, ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан байқауда жігіттерге жеңіс, сәттілік тіледі.
Ер өнері білінбес,
Қоян-қолтық алыспай.
Күш өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай, – демекші, сыры мен сымбаты, бойы мен ойы келіскен дүлділ жігіттерді сынайтын байқау үш кезеңнен тұрды. Оның біріншісі – таныстыру, екіншісі – ұлттық ойын – теңге алу, үшіншісі – қол күрес. Сайысқа «сен тұр, мен атайын» болып сайдың тасындай іріктелген он екі жігіт қатысты. Атап айтатын болсақ, Асқар ауылынан Қыдырхан Мұзарапшан, Нағидан Нұрдәулет Карбозов, Қалжан ахуннан Жасұлан Жүсіпбаев, Қоғалыкөлден Бейбіт Жағыпар қатысты. Сондай-ақ Бақытжан Аңламасов Аманкелді ауылының, Айдар Орынбасаров кент клубының, Рим Айтбаев кент мәдениет үйінің, Әділбек Төлепов Шаған ауылының намысын қорғаса, Сәкен ауылынан екі бірдей білекті жігіт Ержан Ибраев пен Елжас Әбілдаев, Бесарықтан Нұртуған Манатұлы, Жетікөлден Асхат Бодықовтар өзара сынға түсті.

Байқау барысында таныстырудан кейінгі екі са­йыс тамаша тартысты өтті. Ұмыт бола бастаған теңге алу – ұлттық ойынның төресі емес пе?! Жеңімпаздар да осы сайыстардың қорытындысы бойынша анықталды.
Жылқы құты ұлан байтақ даламның,
Жылқы мінез қанында бар қазақтың.
Дала, жылқы, қазақ деген үш ұғым,
Іргетасы ұлттық рух, ұлттық намыс сананың, – дегендей, байқауда жігіттер атқа міну өнері мен шеберліктерін көпшілікке паш етті. Теңге алу сайысы алғаш рет ұйымдастырылғандықтан жігіттердің бо­йын­да аздаған қобалжушылық, теңгенің оңайлықпен қолға ілінбейтіндігі аңғарылды. Дегенмен, өнерімен өрге жүзген, келешекте ұлттық ойынның шеберлері болатын жастардың кент пен ауылдарда бар екендігі көңіл сүйсінтті.
Байқау қорытындысында көп ұпай жинаған шағандық Әділбек Төлепов бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға облыстық сайысқа жолдама қоса тапсырылды. Аманкелділік Бақытжан Аңламасов бірінші орынды еншілесе, екінші орын нағилық Нұрдәулет Карбозовқа бұйырды. Үшінші орынды қоғалыкөлдік Бейбіт Жағыпар иеленді. Байқау жеңімпаздары мен оған қатысушыларға арнайы диплом, Алғыс хат және бағалы сыйлық тапсырылды.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

24 қыркүйек 2019 ж. 808 0