Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

АРУЛАР САЙЫСЫ

Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында және Сырдария ауданының 90 жылдығына орай «Сырдария аруы» атты байқау өткізілді.
Әдетте ару қыздарды сымбаты мен сәні үйлескен нәзіктік пен шырайлы сұлулықтың иесіне, дүниенің алтын діңгегіне балаймыз. Бұл теңеу өмірдің гүлі, көркем жандарға лайық. Аналар мерекесі қарсаңында он бойжеткен «Сырдария аруы» атағын иемдену үшін өзара сынға түсті. Байқауға тек аудан орталығынан ғана емес ауылдардан да арулар келіп қатысты. Олар Н.Ілиясов ауылынан Ақниет Наурыз, Шағаннан Назым Серікбаева, Айдарлыдан Назерке Қанатбек, Шіркейліден Набат Сайлаубек, Тереңөзектен Ақерке Ыбраева, Әлия Бақытбекова,
Бибінұр Өтегенова, Илана Жұматай, амангелділік Назерке Сапарқызы және асқарлық Алуа Бердіханова.
Аудандық байқау бес кезеңнен тұрды. Оның барысында көркіне ақылы сай арулар қоғамның әлеуметтік мәселелерінен бастап, өміріміздің рухани жаңғыруда екенін паш етті. Ауданның 90 жылдығы да қамтылды. Әсіресе, Ақерке Ыбыраева, Әлия Бақытбекова, Ақниет Наурыз, Назерке Сапарқызы тағы басқа да арулар өмірде, өнерде болсын қабілеттерінің биік, талғамдарының зор, өнерлерінің өрісті екендіктерін көрсетті.
Ай нұрлы арулардың ғажабын-ай,
Ай дидар күлімдеген ажарын-ай.
Қыздарын қай заманда болсадағы,
Құлпыртқан қызғалдақтай қаза­ғым-ай,-дегендей ақылына көркі сай арулар сахнада жарқырап өнер көрсеткендіктен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сайыс қорытындысында өнерімен өрге жүзген қы­лықты ару Әлия Бақыт­бекова бас жүлде, ауданның «Сыр аруы – 2018» атағын жеңіп алды. Сондай-ақ №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ақерке Ыбыраева бір басына бірнеше өнерді жинаған нағыз қазақ қызы деп айтуға лайық жан екеніндігін көрсетті. Ол бірінші тұғырдан көрінді. Екінші орынды нағилық Ақниет Наурыз еншіледі. Үшінші орынды шағандық Назым Серікбаева мен амангелділік Назерке Сапарқызы өзара бөлісті. Сонымен қатар О.Мәлібаев ауылының өнерпазы Илана Жұматай «Көрермендер көзайымы», асқарлық ару Алуа Бердіханова «Өнерлі ару» номинацияларына ие болды. Ал, төрт ару алғыс хаттармен марапатталды.
Осылайша арулар сайысы жоғары дәрежеде өткізіліп, көрермендерге қуаныш сыйлады.

Шаhарбек Нұрсейітов
13 наурыз 2018 ж. 2 041 0