Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүмкіндігі шексіз жандар кім?

Мүмкіндігі шексіз жандар кім?

ЖЕР БЕТІНДЕ ҚИЛЫ-ҚИЛЫ ТАҒДЫР БАР. БІРЕУЛЕР БАСЫНА ҚОНҒАН БАҚТЫ КӨТЕРЕ АЛМАСА, ЕНДІ БІРЕУЛЕР ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ҚАДІРІН БІЛМЕЙ ЖАТАДЫ. ЕНДІ БІРЕУЛЕР АЙНАЛАСЫНДАҒЫЛАРМЕН СЫЙЫСПАЙ, ИТШЕ ЫРЫЛДАСУДА. ОЛАР ӨМІРДІҢ ҚАДІРІН БІЛМЕЙ ЖАТАДЫ.
Жақында теледидар қарап отырып Ақмола облысындағы Глубокое ауданының бір тұрғыны қаладан көшіп келіп, айдалаға, елсіз мекенге барып тұрып, сонда 32 мың түп ағаш еккенін естіген едім. Александр есімді жігіт ағасы қатты суықта екі қолын үсітіп алған, оның екі қолы біліктен кесілген. Бірақ өмірге құштар жан қарап оты руды ар санап, ағаш көшеттерін отырғыза бастаған. Одан басқа сол маңайдағы көлді кеңейтіп, ішіне балық жіберген. Алайда арманы асқар таудай жігіт көп ұзамай қатерлі ісік ауруынан көз жұмыпты. Артында екі қолы болмаса да халық үшін еккен орманы бар. Міне, мүмкіндігі шектеулі жанның шексіз мүмкіндіктері, өмірге құштарлығы, айнала қоршаған ортаға жанашырлығы. Ең бастысы, ондай адамдарда ниет болса болғаны, тау қопарып, тас жаратын мүмкіндігінде шек жоқ. Қазіргі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдағы басқа топтармен теңестіру мақсатында көптеген бағдарламалар қарастырылған. Соның ішінде мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі және оларды кәсіби оқытуға көп көңіл бөлінуде. Яғни мүмкіндігіне сай келетін мамандыққа баулып, жаңа кадр етіп даярлау шаралары қарқынды дамып келеді. Бұл дегеніміз тағдыр теперішін көрген жандарды өздерін қоғамның бір бөлшегі екенін сезінуіне және ел үшін маңызды бола алатындығына көздерін жеткізу. Ол үшін Қазақстан Республикасы «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 7-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеп, стандарттарға сәйкестендіруі тиіс. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналасу үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіне отырып, онда мамандық бойынша жұмысқа орналасуға құқылы. Егер орталықта мамандығына сәйкес жұмыс табылмаған жағдайда қоғамдық және әлеуметтік жұмысқа орналасуға жолданатын болады. Сондай-ақ, мүгедектер «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасына
қатыса алады. Соның аясында оларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. – Биыл жұмыспен қамту орталығына барлығы 48 адам хабарласты, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Мұханова. – Жылдық жоспар бойынша 32 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылуда. Жұмысқа орналасқандар саны 15 адамды құраса, оның ішінде несие алғаны 2 адам, мемлекеттік грант алғаны 2 адам. Ал қоғамдық жұмысқа 28 адам жіберілсе, жастар тәжірибиесі бойынша 2 адам жолдамаға ие болды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 3 адам жіберілді. Қазіргі уақытта осы азаматтарды маусымдық жұмыстарға жіберу мүмкіндіктері қарастырылуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында жұмыс берушілермен қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша нақты, әрі кешенді шаралар қабылданып, жұмыс жасалуда. Жоғарыда айтылған Заңға сәйкес бүгінгі күні квота бойынша белгіленген мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Квота бойынша белгіленген жұмыс берушілерге, кент және ауылдық округі әкімдіктеріне республикалық Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығының талаптарына сәйкес тиісті қатынас хаттары жолданып, орындалуы іске асырылуда. Квотаның орындалу мерзімі жыл көлемінде болғандықтан жыл соңына дейін талаптары толығымен орындалуы қамтамасыз етілетін болады. Мүгедектерге арналған жеңілдіктің орындалуы аудан әкімінің тікелей бақылауына алынып, тиісті деңгейде жүзеге асырылуда.
Ұлболсын КЕНІШБЕК
21 қыркүйек 2019 ж. 524 0