Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

– Жедел ішек инфекциясы – жұқпалы ауру. Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, сәбидің емшектен бас тартуы, асқа тәбеттің болмауы – осы аурудың негізгі белгілері. Сондай-ақ науқаста жалпы әлсіздік, шөлдеу, құсу, бас ауру, мазасыздық, ауырсыну, дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы жедел ішек инфекциясының клиникалық көрінісі. Науқас жиі құсып, іші өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Өйткені адам ағзасы өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұзды көп жоғалтады. Жоғарыда аталған клиникалық белгілері пайда бола бастаса, міндетті түрде дәрігерге көрінуі керек. Ал дәрігер келгенше, уақытты жоғалтпай ем жасай берген жөн. Ол үшін сұйықтықты көбірек ішкізген жөн. Антибиотик қолдануға болмайды. Себебі антибиотик аурудың клиникалық сипатын өзгертеді, сөйтіп дұрыс диагноз қоюды қиындатады.
– Жұқпалы аурудың алдын алу шараларын айта кетсеңіз?
– Жедел ішек инфекциясының алдын алу шараларына тоқталсақ, ең алдымен тұтынатын азық-түліктің сапасы өте маңызды. Көптеген тағамда бактериялар тек қана өміршеңдігін сақтап қоймай, олар ауру тудырушы адамның қолымен тағамды аузына апарғанда асқазан, ішек жолына кір қолы арқылы, сапасыз азық-түлікпен бірге түсіп, қарқынды түрде көбейеді. Әсіресе тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтпеген тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салат, винегрет, жеміс пен жидек жатады. Салат пен винегретті, әртүрлі тұздық пен гарнирді тоңызытқышқа салмай түнге қалдыруға болмайды.
Жаз және күз маусымында сүт және сүт өнімдерінде бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдайдың туындайтынын білу керек. Дайын тағам өнім қалдығын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста сақтау керек. Оларды бөлек тақтайшада арнайы пышақпен бөледі. Өнімнің жақсылап қуырылуы мен қайнатылуына мән беріңіз.
Ішек инфекциялары бұрыннан «кір қолдың ауруы» деп аталып келген. Шынында да біз күні бойына қолымызбен айналадағы кір затпен жанасамыз. Қоғамдық көлікте, мекемеге барғанда есік тұтқасын ұстаймыз. Дүкенде есеп айырысамыз, таныстармен қол алысамыз. Сондақтан да ауру жұқтырмас үшін маңызды гигиеналық дағды – қолды сабындап жууды әдетке айналдырған жөн. Себебі «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағида әрқашанда маңызын жоймайды.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ