Қаржы саласында мүлде қателесуге болмайды
Ауданның қаржы саласы мемлекеттің экономикалық міндетін іске асыруда ерекше орын алады. Ел дамуында қаржы жүйесі экономикалық қуатын еселеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын арттырады. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің мамандары саланың дамуына жемісті еңбек етуде. Қаржыгерлер күніне орай аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов ауданның қаржылық ахуалы мен саланың атқарып отырған жұмысы жайлы әңгімелейді. Оқырмандар назарына арнайы сұхбатты ұсынамыз.
– Ерлан Дәуітбекұлы, сіз басқарып отырған ауданның экономика және қаржы саласының тарихы қалай бастау алады. Саланың негізін қалаған мамандар жайында айтсаңыз. Маңызды саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Сырдария аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің негізі өткен ғасырдың бірінші жартыжылдығындағы халық депутаттары аудандық Советі атқару комитетінің құрамындағы жоспарлау комиссиясынан басталады. 1970 жылдан 2006 жылға дейін халық депутаттары Тереңөзек аудандық советі атқару комитетінің құрамындағы жоспарлау комиссиясын М.Оразаев, Н.Ануаров, Л.Алтынбаев, С.Нұрымов, Ғ.Үдербаев, Қ.Молдахметов басқарды. Сондай-ақ жоспарлау комиссиясы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының жоспарлау бөлімімен бірлесіп жұмыс жасады. Бұл тарих, ауданның экономикалық дамуына атсалысқан азаматтардың еңбегі мен есімдері арнайы шығарылған кітапта жазулы.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруда бөлімнің атқарып отырған қызметінің ауқымы кең. 2023 жылы құрылымдық өзгерістерге байланысты мекеме атауы өзгеріп «Сырдария аудандық экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Өздеріңізге белгілі, қаржы ісі ерекше дайындықты, жоғары біліктілікті, білімді, тәжірибені, кәсіби өсімді, тың жаңалықты игерудегі басымдықты, шынайылықты қажет етеді. Бүгінгі таңда аудандық экономика және қаржы бөлімінде құрылымдық өзгерістерге сәйкес үш сектор жұмыс жасайды. Атап айтсақ, фискалдық саясат және бюджеттік жоспарлау секторы негізінен аудан бюджетін жоспарлау, қаржылық жоспарлардың құрастырылуына және оған берілген есептердің дұрыстығына талдау жасау функциясын атқарады.
Экономикалық саясатты дамыту секторының негізгі жұмысы ауданның даму бағдарламасын, әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаты мен басымдықтарын қалыптастыру. Бюджеттің атқарылуы және коммуналдық меншікті басқару секторының негізгі жұмысы аудан бюджетінің атқарылуы туралы есепті қалыптастыру және аудан бюджетін мониторингтеу.
Бөлімде бөлім басшысының орынбасары А.Есмағанбетова, сектор меңгерушілері И.Мақаш, А.Ғалымова, Г.Жансултанова, бас мамандар Б.Құлмақов, Е.Бедебеков, Ұ.Мұхамбетқалиқызы, одан бөлек 10 әдіскер, 2 статист және 1 автокөлік жүргізуші өздеріне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқаруда.
– Негізгі сұраққа көшсек, ауданның 2024 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына тоқталсаңыз?
– Сырдария ауданы бойынша халық саны 37933 адамды құрайды. Оның ішінде ерлер саны 19576 (51,9%), әйелдер саны 18357 (48,1%) адам. Бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 237743 теңге, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға өсіп отыр.
2024 жылға арналған аудан бюджеті 4 рет нақтылаулардан кейін 16 млрд 98 млн теңгені құрады. Республикалық және облыстық бюджеттен берілетін субвенциялар мен трансферттер – 49,7 пайыз. Оның ішінде, ауданнның өз кірістері 5 млрд 27 млн теңге көлемінде жоспарланған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 515 млн теңгеге артық. Трансферттер түсімі өткен жылмен салыстырғанда 921 млн теңгеге өскенін де айту керек. Көрсеткіштер бойынша аудан бюджеті жылдан жылға өсуде. Мәселен, 2022 жылы аудан бюджеті 13 млрд 379 млн теңге көлемінде болса, 2023 жылы осы көрсеткіш 12 млрд 113 млн теңгеге жеткен. Бұл өз кезегінде ауданда әлеуметтік саланың шығындарын өз деңгейінде өтеуге және қалыптасқан проблемалық мәселелерді шешуге зор мүмкіндік береді.
2024 жылғы 1 қарашадағы төлемдер жоспары 12495,3 млн теңгені құраса, қаржы 12481,9 млн теңгеге немесе 99,9 пайызға игерілді. Маңызды сала – әлеуметтік салаға 2024 жылы 2456,62 млн теңге, аудан бюджетінің 16,6 пайызы аударылды.
– Ауданның өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші қандай, өткен жылмен салыстырғанда өсім бар ма? Тағы қай салада өнім көлемі артты?
– Әрине, 2024 жылдың қаңтар-қазан айында ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 81495,8 млн теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2023 жылдың осы деңгейіне қарағанда 67,0 пайызға ұлғайған. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 11593,6 млн теңгені құрады. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі, көлемі 2024 жылдың тиісті кезеңінде 23382,7 млн теңгені құрады. 2023 жылдың 10 айымен салыстырғанда 101 пайызға артып отыр.
– Ауданның дамуында инвестицияның орны бөлек. Инвестиция тарту мәселесі бойынша облыста үздік атанған аудан ретінде негізгі көрсеткіштер қандай?
– Биылғы жылдың 10 айында аудан экономикасына 63733,0 млн теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды. Бұл облыстағы үздік көрсеткіш. Ал өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 113,9 пайыз болып отыр. Инвестиция негізінен ауыл шаруашылығы саласына, өндіріс орындарын ашуға тартылды. Ауданда инновациялық жобалардың қолдау табуы экономикалық көрсеткіштің артуына әкелді. Сонымен қатар осы уақыт аралығында, жылдың он айында ауданда 21817 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынды. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,5 пайызға артық. Құрылысы жүрген тұрғын үйдің барлығы халықтың жеке қаражат есебінен салынды. Құрылыс жұмысының көлемі 16704,0 млн теңгені құрап, 76,0 пайызға өскен.
– Аудандағы кәсіпкерлік саласы, яғни шағын және орта бизнес экономикалық өсімге әкелетіні анық. Бұл ретте, ауданда қанша кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, жұмыс жасауда?
– Шағын және орта бизнесті дамыту күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл аймақ басшысының тікелей бақылауындағы сала десек те болады. 2024 жылдың 1 қарашасына бөлшек сауда көлемі 2412,6 млн теңгені құрап, 106,6 пайыз болып отыр. Бөлшек сауданың өсімі жанар-жағармай сатылымының ұлғаюына және баға өсуіне байланысты көбейген. Бүгінгі күнге ауданда 2750 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның ішінде 155 шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары, 1236 жеке кәсіпкерлер, 1359 шаруа және фермер қожалықтары. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2684 болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 81,8 пайыз. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 97,6 пайызды құрады.
– Қаржыгерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында ел үшін тарихи күн жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Мемлекетіміз үшін тарихи күннің таңы атқанына да 31 жыл болды. Ұлттық валюта төл теңгеміздің тұғыры биік, маңызы зор екенін ел-жұрт жақсы біледі. Тұрғындардың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы, нарықтағы саясат мәселесі ұлттық валютамен тікелей байланысты. Сөз жоқ, сол себепті еліміздің ішкі, сыртқы саясаты, сауда-саттық, экспорт пен импорт барлығы қаржыға валютаға келіп тіреледі. Теңгеміздің бір орнында тұралап қалмауы мемлекеттің алдындағы басты мәселе. Тыңғылықты жұмыс арқылы бөлім қызметкерлері жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Мықты қаржыгер қателікке мүлдем жол бермейді, біздің мақсатымыз да осы. Жалпы айтқанда «дүние тиыннан құралады» демей ме? Қоржының қомақты болса, теңгең пұлға айналса неге алаңдайсың. Сондықтан қаржымызды үнемдеп, қорымызды толықтырып отырған қаржыгерлерді төл мерекесімен құттықтаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет, төл мерекелеріңіз құтты болсын!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ