Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер 1 шілдеден бастап артады

Мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер 1 шілдеден бастап артады

Елімізде жекелеген санаттағы азаматтарға арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Әлеуметтік кодекс енгізілгеннен кейін жәрдемақы мөлшері өседі. Қай санаттағы азаматтар үшін аталған жәрдемақының мөлшері өсетіні туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалының Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша Сырдария аудандық бөлімінің басшысы Сағидолла Еламанов әңгімелейді.

– Сағидолла Балтабайұлы, елімізде мемлекеттік жәрдемақы қандай заңға сәйкес қандай санаттың өкілдеріне тағайындалады?

– "Қазақстан Республикасындағы арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы" заңға сәйкес, арнайы мемлекеттік жәрдемақы жекеленген санаттың өкілдеріне тағайындалады. Берілетін төлем мөлшері республикалық бюджет туралы заңда көрсетілгендей, жылына белгіленген айлық есептік көрсеткішке (АЕК) және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері төлем алушының қандай санатқа жататынына байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап «Республикалык бюджеттен төленетін жәрдемақылардың және мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн арттыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес жекеленген санатта алушылар қайта қаралып көбейтіледі. Жәрдемақылардың көбейтілу себебі 2023 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі коэфицентінің және айлық есептеу көрсеткіш коэфицентінің өзгеруіне байланысты болып отыр.

– Қай санаттағы азаматтардың арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері өседі?

– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері 1шілде 2023 жылдан 14,5 пайызға қайта қаралып көбейтіледі. Сырдария ауданы бойынша 2401 адамның жәрдемақысы көбейеді деп күтілуде.

Атап айтқанда, зейнетақы төлемі мүгедектікке жеткізілген және асыраушысынан айырылғандарға жәрдемақы, алтын алқамен марапатталған аналарға, бұрын батыр Ана және Ана даңқы 1-2 дәрежедегі марапатталған аналарға, мемлекеттік әлеуметтік мүгедектігіне байланысты жәрдемақы, мемлекеттік әлеуметтік асыраушысынан айырылған деректі жәрдемақы, бала кезінен мүгедектерді бағып камқор жасап отырғандарға, 1-ші топ мүгедектерге күтім жасап отырғандарға, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер еніп отырғандығын мәлімдейміз.

– Осы ретте жәрдемақының өсуін нақты талдап айтсаңыз?

– Төлем мүгедектігі бойынша жасына немесе еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалған мүгедектігі бар жандарға беріледі. Бірақ бұл төлем ай сайынғы жәрдемақы мөлшеріне дейін қосымша төлем алатындарға қатысы жоқ. Бұл төлемді алушылар қатарына Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектік зейнетақысын алатын Байқоңыр қаласында тұратын мүгедектігі бар жандар да қосылған. Егер жоғарыда аталған азаматтарда I және II топ мүгедектігі болса, онда қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларға 1,49 АЕК (2023 жылы 5 141 теңге) көлемінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Ал 1 шілдеден бастап жәрдемақы мөлшері 1,71 АЕК-ке (5 900 теңге) дейін көтеріледі. Үшінші топтағы мүгедектер үшін бұл төлем мөлшері бүгінде 0,64 АЕК-ті (2 208 теңге) құраса, алдағы уақытта 0,74 АЕК-ке (2 553 теңге) дейін өседі. Бала 7 жасқа толмаған жағдайда жәрдемақы мөлшері 0,96 АЕК-ті (3 312 теңге) құрайды. Ал 1 шілдеден бастап күшіне енетін Әлеуметтік кодексте бұл жәрдемақы мөлшері 1,1 АЕК-ке (3 795 теңге) дейін өсетіні туралы жазылған. Бүгінде 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін төлем мүгедектік тобына байланысты: I және II топтарға – 1,49 АЕК-ті (5 141 теңге), III топтағылар үшін – 0,96 АЕК-ті (3 312 теңге) құрайды. Алдағы уақытта бұл жәрдемақылар 1,71 АЕК-ке (5 900 теңге) және 1,1 АЕК-ке (3 795 теңге) дейін өседі. Сондай-ақ бұл жәрдемақы саяси қуғын-сүргін құрбандарына, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға тағайындалады. Бүгінде бұл жәрдемақының мөлшері 1,07 АЕК (3 692 теңге). Бірақ 1 шілдеден бастап ол 1,23 АЕК-ті (4 244 теңге) құрайтын болады. Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдар да осы соманы талап ете алады. Әзірге арнайы мемлекеттік жәрдемақылар туралы қолданыстағы заңға сәйкес, I топтағы мүгедектігі бар жанды күтетін адамға төленетін жәрдемақы мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін (56 794 теңге) құрайды. Әлеуметтік кодексте бұл төлем мүгедектігі бар жандарға мемлекеттік қолдау көрсету бөлімінде көрсетілген. 1 шілдеден бастап жәрдемақы арнайы жәрдемақылар қатарына жатпайтын болады, бірақ бұл оның мөлшеріне еш әсер етпейді, керісінше, тіпті 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейіне (65 313 теңге) дейін өседі.

– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
19 маусым 2023 ж. 346 0