Тұжырымдама түсіндірілді
Қоғамның әлеуметтік қыры сан алуан. Әлеумет дегеніміздің өзі – халық, ел, ал әлеуметтік жағдай – сол көпшіліктің жайы мен күйі. Айнала қоршаған қоғамда түрлі әлеуметтік топтар бар. Бірақ олардың барлығы өз құқығын толық білмей жатады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 70 мың адам өзінің мүмкіндігі мен заңды түсінбеуі салдарынан тиесілі әлеуметтік төлемдерді алмай келген.
Осындай олқылықтың алдын алып, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімдігінде жиын болып өтті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Жаңагүл Дильжанова мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Бас директоры Нұрсұлу Кемел Әлеуметтік кодекс жобасының басым бағыттарын түсіндірді. Басқосуға облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары С.Мырзабек, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, кент, ауылдық округі әкімдері, мәслихат депутаттары, тұрғындар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар қатысты.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Әлеуметтік кодексті әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл жұмыс тек қана ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне байланысты емес, барша азаматтың мүддесін қорғап жүрген әлеуметтік институттардың жұмысы болып, Президент әкімшілігінің қарауына енгізілді. Жоба болғандықтан біз үш айдан бері халықпен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бүгін міне, Сыр еліне келіп, негізгі бағыттар бойынша жұмыс жасаудамыз, – деген Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Бас директоры Нұрсұлу Мырзакелдіқызы жобаның негізгі бағыттарына тоқталды.
Арнайы тапсырма бойынша әзірленген Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасы төрт бағыттан тұрады. Олар отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту мәселелері, зейнетақы саясаты және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту мәселелеріне қатысты. Әлеуметтік кодексті әзірлеудің мақсаты азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін іске асыруы үшін институционалдық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау болып табылады. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормасын бір құжатта шоғырландыру. Бұл азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленген және адам өмірінің әрбір кезеңіне қатысты бөлімдерді қамтиды. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді.
Аталған жиында мамандар түрлі әлеуметтік төлемдер мен оларды алу негізін заңнама бойынша түсіндіріп өтті. Олардың ішінде бала күтіміне қатысты төлемақы, зейнетақы, мүмкіндігі шектеулі жандарға тағайындалған арнайы төлемдер туралы сөз қозғалды. Мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек түрлеріне қатысты жаңа өзгерістер туралы айтылды. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзаратынын, ол үшін ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ екені түсіндірілді. Және де аталған қызметтерді үйден шықпай-ақ жүзеге асыру жолдары айтылды.
Жиын соңында тұрғындар көкейдегі сұрақтарын ортаға салды. Жолданған сұрақтың көпшілігі мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін көмек пен тегін дәрі-дәрмек алуға байланысты болды. Мамандар өз кезегінде тиісті жауап беріп, көтерілген мәселелер негізінде жұмыс жасалатынын айтты.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ