Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұжырымдама түсіндірілді

Тұжырымдама түсіндірілді

Қоғамның әлеуметтік қыры сан алуан. Әлеумет дегеніміздің өзі – халық, ел, ал әлеуметтік жағдай – сол көпшіліктің жайы мен күйі. Айнала қоршаған қоғамда түрлі әлеуметтік топтар бар. Бірақ олардың барлығы өз құқығын толық білмей жатады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 70 мың адам өзінің мүмкіндігі мен заңды түсінбеуі салдарынан тиесілі әлеуметтік төлемдерді алмай келген.

Осындай олқылықтың алдын алып, халық ара­сында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақ­сатында аудан әкімдігінде жиын болып өтті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер депар­тамен­тінің директоры Жаңагүл Дильжанова мен Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Бас директоры Нұрсұлу Кемел Әлеуметтік кодекс жобасының басым бағыттарын түсіндірді. Басқосуға облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшы­сының орынбасары С.Мырзабек, аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, кент, ауылдық округі әкімдері, мәслихат депутаттары, тұрғындар, мүм­кіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар қа­тысты.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Әлеуметтік кодексті әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл жұмыс тек қана ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігіне байланысты емес, барша аза­маттың мүддесін қорғап жүрген әлеуметтік институттардың жұмысы болып, Президент әкім­шілігінің қарауына енгізілді. Жоба болған­дықтан біз үш айдан бері халықпен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бүгін міне, Сыр еліне келіп, негізгі бағыттар бойынша жұмыс жасаудамыз, – деген Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Бас директоры Нұрсұлу Мырзакелдіқызы жобаның негізгі ба­ғыттарына тоқталды.

Арнайы тапсырма бойынша әзірленген Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасы төрт ба­ғыт­тан тұрады. Олар отбасының цифрлық кар­тасын енгізу, жұмыспен қамту мәселелері, зей­нетақы саясаты және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту мәселелеріне қа­тыс­ты. Әлеуметтік кодексті әзірлеудің мақ­саты азаматтардың өздерінің әлеуметтік құ­қық­тары мен мүдделерін іске асыруы үшін институционалдық, экономикалық және ұйым­дастырушылық жағдайлар жасау болып табылады. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормасын бір құжатта шоғырландыру. Бұл азаматтардың ұсыныстарын ескере оты­­рып әзірленген және адам өмірінің әрбір кезеңіне қатысты бөлімдерді қамтиды. Бұл мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді.

Аталған жиында мамандар түрлі әлеуметтік төлемдер мен оларды алу негізін заңнама бо­йынша түсіндіріп өтті. Олардың ішінде ба­ла күтіміне қатысты төлемақы, зейнетақы, мүм­кіндігі шектеулі жандарға тағайындалған арнайы төлемдер туралы сөз қозғалды. Мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек түрлеріне қатысты жаңа өзгерістер туралы айтылды. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы тө­леу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға де­йін ұзаратынын, ол үшін ешқандай құжат тап­сырудың қажеті жоқ екені түсіндірілді. Және де аталған қызметтерді үйден шықпай-ақ жүзеге асыру жолдары айтылды.

Жиын соңында тұрғындар көкейдегі сұ­рақ­тарын ортаға салды. Жолданған сұрақтың көпшілігі мүмкіндігі шектеулі жандарға беріле­тін көмек пен тегін дәрі-дәрмек алуға байланыс­ты болды. Мамандар өз кезегінде тиісті жауап беріп, көтерілген мәселелер негізінде жұмыс жасалатынын айтты.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
09 желтоқсан 2022 ж. 240 0