Клининг қызметі – жаңа табыс көзі
Нарықтық қоғамның негізгі талабына сай күнкөріс деңгейін жоғарылату үшін көпшілік бизнеспен айналысуға мүдделі. Бизнес тетігін меңгерген жандар табысын еселеу үстінде. Экономикалық тұрғыдан әлеуеті зор, халық саны жоғары бірнеше мегаполисте ерекше кәсіп түрі жандана түскен. Ол клининг қызметі екені баршаға мәлім. Аз ғана уақыттың ішінде қолданысқа енген кәсіптің негізгі қызметі 3 бөліктен тұрады. Өз кезегінде ойлы оқырманға жаңа бизнес түрінің басым бағытын тарқатып айтатын боламыз.
Негізінен, тұтынушы жиі пайдаланатын клинингтің бір ерекшелігі – тұрғын үй, пәтер, кеңсе тазалау болса, екінші бағыты коммерциялық жылжымайтын мүлікке қызмет көрсету екен. Сонымен бірге, кілем жуу, химиялық тазалау секілді қызмет көрсету бойынша компания өз ұсынысын енгізе алады. Әсілінде, бәсекелестікке қабілетті, дамыған елдерде клининг қызметіне сұраныс жоғары. Клининг компаниясын ашқан кәсіп иесіне аз мөлшердегі қаражат жеткілікті. Аталған қызмет түріне байланысты арнайы жабдықпен жасалатын жұмысқа ынтасы зор бірнеше маман жұмысқа тартылады. Мәселен, кәсіпкерлік саласын тереңнен зерттеп жүрген Дәулет Төлеутайұлы «Бизнеске бағыт» кітабында клининг кәсібі бойынша анықтаманы кеңінен берген. Тиімділігі жоғары кәсіпті жүзеге асыру барысында үй ішінің тазалығына аса мән беріледі. Ал жиһазды химиялық өндеуден өткізу зор жауапкершілікті талап ететіні даусыз.
Расында, тапсырыс берушінің талғамына сәйкес, сапалы химиялық өнім таңдаған дұрыс. Пәтердің барлық бөлмесіне тазалық жұмысын жүргізетін маман гигиеналық талапты да, сақтағаны абзал. Жалпы, тапсырыс берушінің көбісі гипоаллергенді жабдықтың немесе өнімнің болғанына аса мән береді. Иіс кетіретін құралды пайдалану маңызды рөл ойнайды. Мұндай жағдайда үй жануарын асырайтын тұрғын тарапынан жиһазға сіңген иісті кетіру бойынша тапсырыс түсуі ықтимал. Талғам мен адамның қалауында шектеу жоқ екені жасырын емес. Тазалық қызметін жасайтын әрбір адам мүмкіндігінше мол тәжірибе жинақтап, пәтердің, кеңсенің, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің мұнтаздай көрінуіне күш салатындығы құптарлық жағдай.
– Кез келген тұтынушы үйінің сапалы тазалануына айрықша көңіл бөледі. Үлкен қалаларда табысы мол кәсіптің жоғары деңгейде өркен жайғанын жақсы білеміз. Көпшілігіміз әр маусым сайын үйіміздің қабырғасын әктеп, еденді сырлаймыз. Қымбат бағаға алған жиһазымызға дақ түсіп, кіршеңдік пайда болады. Міне, клинингтің артықшылығы – жоғарыда көрсетілген үй тазалығына қажетті барлық қызметті кәсіби маман жасайтындығында болып отыр. Бұл ретте, клининг компаниясын ашуға жергілікті бизнес өкілдері қызығушылық танытса деген ұсынысымыз бар, – дейді кент тұрғыны Н.Бекзадаева.
Айта кетейік, клининг қызметін үйлестіру бойынша менеджер, диспетчер, тазалаушы маман керек. Әрқайсысының өзіндік атқаратын міндеттемесі бар. Мол қаражат табудың бірден-бір көзіне айналған клининг компаниясын құру арқылы тұтынушының талап-тілегін орындау алдыңғы қатарға шығатындығы сөзсіз. Сондықтан тұтынушы сұранысын қанағаттандыру мақсатында аудан орталығында клининг қызметі жолға қойылса, құба-құп.
Балтабай ОРДАБЕКОВ