Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлік дамыса, жұмыссыздық азаяды

Кәсіпкерлік дамыса, жұмыссыздық азаяды

Ел нарығын жоғары, сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамта­масыз ету мен сан түрлі тауарларды шығару, жүздеген қызмет жиын­тығын көрсетуде бәсекелестік болғанда кәсіпкер­ліктің маңы­зы арта түседі. Әр­бір өңірдің бизнес әлеуеті сараланып, экономикалық көрсеткіші бағала­нып оты­рады. Ша­ғын, орта, ірі бизнес субъектілері тұтынушының сұра­­ны­сын барынша қанағат­тандыру үшін жұмыс істейді. Бүгінде ауданда соңғы алты айдың көр­сеткіші негізінде 2533 шағын және орта кәсіп­керлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде, жұмыс істеп тұрған – 2386.

Жалпы, 94,2 пайыз жұмыс істеп тұрған кәсіп­керлік субъектілерінің ішінде ауыл шаруашылық секторы басым. Аудан климаты мал ұстауға, егін егуге қолайлы. Сонымен бірге құс өсіру, бал өнімін дайындау, көлік қызметі, ірі және шағын сауда орындарын ашу жолға қойылған. Шындығында, аудан тұрғындары арасында кәсіп ашуға ниетті жандар жеткілікті. Бизнесін түрлендірген жеке кәсіпкерлер нарық көшіне ілесуде. Тынымсыз еңбек пен өлшеусіз жұмсалған уақыттың арқасында олар орасан табысқа жетуде. Белгілі бір мөлшерде қаражат құйған кәсіптің болашағын бағдарлап, тың жобаға иек артқан азаматтар баршылық. Мәселен, пластикалық терезе, дәмхана, перде тігу секілді кәсіптің бірнеше түрін меңгерген отбасылар бар. Отбасылық кәсіптің берекесін арттырған жандар монша, сауда дүкені, дәнекерлеу, көлік жөндеу орталығы, көлік жуу қызметі, фотостудия секілді бизнес субъектілерін ашқан. Сонымен бірге құрылыс заттары, жеміс-жидек өнімдерін сататын шағын базарда тұрғындар керегін таба алады.

Бүгінде Сырдария ауданы бойынша 139 заңды тұлға, 1087 жеке кәсіпкер, 1307 шаруа қожалығы бар. Осы жылдың 6 айында аудан көлемінде мем­лекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1 369,9 млн теңгені құрайтын 106 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Атап айтар болсақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша құны 51,7 млн тең­генің 12 жобасы қаржыландырылған. Ал «Мик­робизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша құны 112,0 млн. теңгенің 25 жобасы кеңестің оң шешіміне қол жеткізіп, қаржы алынған. «Ұлттық жоба» аясында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бағыты аясында құны 283,9 млн тең­генің 14 жобасына екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржы берілген. Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары бойынша 284,9 млн теңгенің 22 жобасы қаржыландырылып отыр. «Қаз­АгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда облысындағы филиалы арқылы аудандағы құны 633,8 млн теңгеге 30 ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтары алынған. «Ұлттық жоба» бағ­дарламасы шеңберінде құны 3,6 млн теңгенің 3 жо­басы қайтарымсыз грант ұтып алған.

Негізінен, ауданның өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 2022 жылдың қаңтар-маусым ай­ларының негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы көрсеткішке ие. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 118 пайызға, өндеу өнеркәсібі 35,7 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестиция 15,4 пайызға, бөлшек сауда 0,2 пайызға, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілері 9 бірлікке өскен. Кәсіпкерлік саласы қарыштап дамыса, жұмыссыздық деңгейі азаяды. Алдағы уақытта қайтарымсыз грантқа қол жеткізетін тұрғындар өз кәсібін ашуға ниетті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
06 тамыз 2022 ж. 452 0