Ел экономикасы қайтсе жақсарады?
Қазіргі ішкі нарықтың жағдайы сан құбылып тұр. Оның алда қалай өзгеретіні де белгісіз. Нарыққа қысым іштен де, сырттан да төніп, қолдағы мүмкіндігімізді әртараптандыру қажет екені сезіле бастады. Бұл мәселе Алматыда «Сағадиев оқулары» шеңберінде «Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты: болмысы мен болашағы» тақырыбымен өткен халықаралық конференцияда кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жиынға сарапшы ретінде шақырылған «Халық финанс» директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма төрағасы Фархад Охонов экономиканың негізгі доноры мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қор екенін, оның нарық заңдылығына қайшы келетінін айтты. Ішкі нарық, оның ішінде салымшылар қор нарығының мүмкіндіктерін бағалай алмай отыр. Сарапшы айтқандай, бағалы қағаздар мен қор нарығы соңғы үш жылда көп өзгерген. Биржа жетілдірілген технологияларды сатып алып, пайдалануға енгізді. Бұл тетік нарықта жаңа ойыншылардың пайда болуына сеп болады деген үміт бар. Себебі жиған-тергенінен артылғанын қор нарығындағы акцияларды сатып алуға жұмсайтындар қатары өскен. Қаржы нарығын реттеу және бақылау агенттігі де осы бағытта біраз жұмыс атқарып жатыр. Бұл қор нарығы бағытын әртараптандыруға, халықтың оған көптеп қатысуына, брокерлік бизнестің жандануына мүмкіндік береді.
Ф.Охонов айтып өткендей, дәл қазір өсімге себеп болатын фактор – экономиканы цифрландыру. Бірақ өсімге себеп болатын факторлардың өзі қазір қырық құбылып жатыр. Бүгінгі тың технология ертеңінде-ақ ескіріп қалып жатыр. Сондықтан қор нарығында брокер мен клиент арасындағы байланысты цифрландыратын технологияларды жетілдіруге басымдық беру қажет. «Қазір мобильді қосымшалар барлық сегменттің жұмысын оңтайландырып жатыр. Салымшы биржаға келмей-ақ түнгі сағат 3-те Лондон немесе Шанхай қор биржасының жұмысына қатыса алады. Егер цифрландырудың мүмкіндігі қор нарығының барлық сегментіне жетсе, онда жаңа нарықта жаңа ойыншылар пайда болады. Бұл – нарық үшін жаңа инвестор. Біз ұлттық инвесторларды осылай қалыптастыра аламыз», дейді Ф.Охонов.
Осы тұста сарапшы инвесторға акциясын саудалау, банктегі есепшотын толтыру үшін инвестициялық орта керек екенін ескертті. Басқасы маңызды емес. Себебі нарыққа инвестиция салуға ден қойған инвестор өзіне қажетті ақпаратты ғаламтордан тауып алады. «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселелерді реттеуге кірісті. Бірақ олар бұл мәселені тым өбектеп кетті. Қор нарығындағы жағдай ашық бәсекелестікке, тәуекелге бейімделуі керек. Сол кезде адамдар қолдағы активтердің бағасы арзандап немесе күрт қымбаттап кетсе, оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. «Үкімет арзандап кетуге жол бермейді» деген ойдан алыстайды. Қор нарығында бағын сынағысы келген инвестор кез келген тәуекелге дайын болып, істің соңын сабырмен күтуді үйренуі керек. Қор нарығын қолдан реттемей, нарықтың ыңғайына бейімдеу – ұлттық инвесторлардың қатарын көбейтеді», дейді Ф.Охонов.
Ал сарапшы Мағбат Спанов нарықтағы күрделі жағдайды шешу үшін бюджеттегі тапшылықты жойып, нақты секторға көңіл бөлу қажеттігін айтады. Мемлекет бұл бағытты шындап қолға алса, бюджеттегі дефицит қана емес, импортқа тәуелділік, қымбатшылық, жұмыссыздық секілді өзге де проблемалар шешілетіні белгілі.
Сарапшының айтуынша, Үкімет барлық экономикалық проблеманы әлеуметтік көмекпен шешуге үйреніп, халықты да солай үйретіп қойған. Көпшілік бизнес жасап, мал басын көбейтуді емес, айлықтың көбеюін күтіп, жалақыдан жалақыға өмір сүруге дағдыланып барады. Тұрғын үй де, көлік те, азық-түлік те қымбаттап, оны сатып алғысы келетін адамдар саны еселеп өсіп жатыр. Бұл – нарықтың заңына қайшы келетін ең арзан тәсіл. Халықтың қолындағы ақшаның көбеюі инфляцияны жеделдетіп, елді нарық пен баға ортасындағы «допқа» айналдырып жіберді.
«Азық-түлік бағасын қымбаттатпау үшін Үкімет 5 жылға 4,5 трлн теңгені ортаға тастады. Бұл шешім бағаны қымбаттатпау үшін қабылданды. Оны әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ұйымдар игереді. Бұл қаржы бағаны жарты жыл ұстап тұруға жетеді. Демек «аспириндік» әсерге ғана ие. Нарықты сауықтыру үшін ағзаны сауықтыру керек. Егер сол 4,5 трлн теңгені ШОБ-қа грант ретінде бөлсе, бизнестің күре тамырына қан жүгіреді. Халық та қалтасына қарап өмір сүруге бейімделеді. «Қазір адамдар қаржы мен инфляция арасындағы «допқа» айналады. Өндіріс жоқ болғандықтан қаржы өзбек немесе қытай тауарларын сатып алуға, өзгенің нарығын бүтіндеуге кетеді. Мұнай мен газдан түсетін кіріс әлеуметтік проблемаларды шешуге емес, экономиканы көтеруге жұмсалуы тиіс», дейді М.Спанов.
Сарапшы айтқан екінші мәселе – экономикалық стратегиялар үшін жауап беретін құзырлы орындардың мүмкіндігі мен құзіретінің шектеулілігі. Экономиканы көтеруге бөлген мемлекет қаржысы екінші деңгейлі банктердің депозиттерінде жылдар бойы жатады. «Мұнымен шындап айналысуы тиіс Үкімет әзірге уақытша әсері бар бағдарламалармен ғана айналысып жүр. Бізге алдағы онжылдықтарда жағдайды жақсартатын ұзақ мерзімді емес, ертең жұмыссызға жұмыс көзін тауып беретін, нақтылыққа бейімделген, аудан, облыс әкімдерінің түн үйқысын бөлетін стратегиялық жоспарлар керек», дейді М.Спанов.
Экономистің сөзінен ұққанымыз, қымбатшылық алдағы уақытта да қос бүйірден қыса береді. Себебі біздің кірісіміз өндірістік шығындарды жаба алмай отыр. Содан кейінгі мәселе – бюджетте профицит. Біздің ел бюджеттің профициті дегенді соңғы рет 2006 жылы ғана көрді. Содан бері бюджеттің табысынан шығынын, яғни дефициттің кері сальдосын ғана көрді. Сарапшы Ұлттық қордан қаржы ала беру болашақ ұрпақтың мүмкіндігін шектейтінін, Үкімет те «көрпеге қарап көсілуді» үйренетін кез келгенін айтты.
Жиында «Экономикалық-саяси дағдарыс жағдайында Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары» тақырыбында баяндама жасаған Білім және ғылым министрлігі Экономика институты басшысының кеңесшісі Найля Нұрланова Қазақстандағы экономикалық қауіпсіздік мәселесіндегі негізгі проблемаларға тоқталып, технологиялық қауіпсіздікті дамытуға басымдық беру керектігін айтты. Осыған байланысты ұсыныстарын да ортаға салды. «ХХІ ғасыр технологиялар дәуірімен басталды. Бұдан кейінгі кезеңді болжау мүмкін емес. Технология адамның қиялынан да озып кетті. Адамзаттың өмір сүру үрдісін жеңілдететін технологиялар күн сайын жаңарып жатыр. Технология тілін меңгерген мемлекет әлемді басқарады. Ғылымға экономиканың жүгін жеңілдетуге мүмкіндік беру керек. Сол кезде ғана ғалымдарымыздың мүмкіндігі бар қырынан ашылады. Ғылым мен технология арасындағы интеграцияның үзіліп қалуы технологиялық тәуелділікке алып келетінін байқап қалдық. Ендігі назар аударатын мәселе осы болу керек», дейді Н.Нұрланова.