Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалақысының жартысынан көбін оқушыларға беріп тұрған мұғалім 1 миллион доллар көлемінде сыйлықақы алды

Жалақысының жартысынан көбін оқушыларға беріп тұрған мұғалім 1 миллион доллар көлемінде сыйлықақы алды

Кения ауылдарының біріндегі мектепте мұғалім жалақысының үлкен бөлігін кедей оқушыларға беріп отырған. Енді оның еңбегі бағаланды. Бұл туралы BBC Русская служба басылымына сілтеме жасап, Stan.kz хабарлайды. 

Питер Табичи жаратылыстану ғылымынан сабақ береді. Әрі ол фрацискандықтардың діни Орденына мүше. Табичи жыл сайынғы Global Teacher Prize премиясының лауреаты атанды. Ол әлемдегі ең үздік мұғалім мәртебесіне ие болып, бір миллион доллар көлемінде сыйлықақы алды.
Мұғалім ай сайын жалақысының 80 пайызына жуығын ең кедей балаларға жұмсайды. Ата-анасына айырылып, шарасыз күйді кешіп жүрген оқушыларына оқулықтар мен форма алып береді. 
Табичи сабақ беретін мектепте мұғалімдер мен оқу қуралдары жоқтың қасы. Бір сыныпта 70-80 бала білім алады. Көптеген балалар мектепке келу үшін алты километрден аса жаяу жол жүреді. 
"Ақша — барлық дүние емес", — дейді Питер Табичи. Мұғалім балалардың ғылымға деген махаббатын оятуға үміттенеді. 
Табичи сабақтарға сирек қатысатын балалардың жанұяларына барып тұрады. Өздерінің кәмелеттік жасқа толмаған қыздарын күйеуге бергісі келетін ата-аналарды райынан қайтаруға тырысады. Қыздардың мектептегі оқуын аяқтауын сұрайды. 
Оның оқушылары ұлттық және халықаралық ғылыми сайыстарының жүлделерін, британдық Корольдік химиялық қоғамның сыйын иеленген.
Global Teacher Prize премиясын жыл сайын Varkey Foundation қоғамы табыстайды. Төрешілердің құрамына 150 адам кіреді. Қордың негізін қалаған Санни Варкидің сөзінше, премияның мақсаты — ұстаз мамандығының беделін арттыру.
Осы жылы жеңімпаз 179 елден қатысқан он мың маманның ішінен анықталды. Варкидің пікірінше, Питер Табичидің оқиғасы мұғалім болғысы келетін адамдарды шабыттандыруы керек. 
25 наурыз 2019 ж. 759 0