Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлт аспаптар фабрикасы

Ұлт аспаптар фабрикасы

Ұлттық аспаптардың елуден астам түрлерін жасайтын «Шертер» кәсіпорнының өнімдері бүгінде алыс-жақын шетелдерге танымал. Қытай еліндегі қандастарымыздан тартып,   Монғолия, Түркия қазақтарын өнер туындыларымен тәнті етсе, өнімдері әлеуметтік желілер арқылы шартарапқа танылып, Ресей мен алыстағы Америкадан да тапсырыс түсіп жатады.  Ал отандық өнер қайраткерлері, музыкалық мектептердің сұранысымен қатар сый-сияпат ретінде қазақтың ұлттық аспаптарына деген қызығушылық жыл санап артып келеді.
«Отырар сазы» оркестрі, «Гүлдер» жəне «Қазақконцерт» ансамбльдері, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі де «Шертердің» тұрақты тұтынушылары. Кәсіпорын басшысы Бақытжан Ділмановтың айтуынша, айына 500-ден астам əртүрлі және мемлекеттік тапсырыс бойынша жылына 1500-ге жуық саз аспаптарын жасау мүмкіншілігі бар кәсіпорын өндірісінде қарағаш, қайың, қарағай, хош иісті қараған, жаңғақ сияқты жергілікті ағаштар пайдаланылады. Домбыраның шанағына қарағаш қолданылса, шетелден әкелінетін шамшат аспаптың қандай бөлігіне болса да жарамды. Бет қақпағына шырша, кептірілген балқарағай қолданылады. Қобыздың әуезді шығуы қарағай, қарағаш, қараған, қайың ағаштарының сапасына байланысты.  «Қарағайдың түбінен ойып алған қобызым» деген теңеу осыдан шыққан болуы керек, тау ағашының әуеннің әуезді шығуына әсері мол екен.
Жетісу жері қарағайлы болып келетіндіктен, бұл өсімдіктің түріне қолжетімді, ал шетелден әкелінетін шикізат қымбатқа түсетіндіктен, аспаптың бағасы да жоғары болып келеді. Аспапты жасауға қолданылатын ағаш түрлері тапсырыс берушілердің сұранысын ескере отырып жасалады. Ерекше тапсырыстарда қолданылатын Италия, Африка елдерінен әкелінетін қызыл ағаш пен пелесандраның аспап дыбысына ықпалы зор. Ағаштармен қатар мал терісі, жылқы қылы, тұяғы мен сүйектері де аспаптардың ерекшелігін арттыра түседі. Өзбекстаннан, Капқаздан әкелінетін жаңғақ ағаштары  жер жағдайына байланысты сапалы келеді.  Тапсырыс берушінің ыңғайына қарай қобыздар жаңғақтан да ойлады. Ал қызыл ағаштан бір қобыз ойғаннан, он домбыра жасаған тиімді көрінеді. Өндірістің тағы бір ерекшелігі домбыралар балалардың жас ерекшелігін ескере отырып жасалады.
Әкесінен дарыған ата кәсіпті өндірістік дәрежеге жеткізген Сапарбек Əліұлының игі ісін жалғастырып отырған Бақытжан, Мейірбек Ділмановтар «Шертер» саз аспаптар жасайтын кәсіпорынды шартарапқа танытты. Жеткен жетістіктерін мақтан ететін кәсіби мамандар отандық әрі шетелдік байқаулардың жеңімпазы. Көрмелердің тұрақты қатысушы ретінде өнімдері үздіктер қатарынан табылатын кәсіпорында жиырмадан астам шебер еңбек етеді. Ұлттық өнер аспаптарының көсегесін көгертіп отырған шертерліктердің жастарды қолөнерге баулудағы істері де  өз алдына. Бүгінде саз аспаптар фабрикасына айналған кәсіпорынның еліміздің рухани жаңғыруына қосып жүрген үлесі қомақты.

egemen.kz
31 шілде 2019 ж. 777 0