Армандар орындалады жігерің жасымаса
Аптаның сәрсенбісінде, Аудандық мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Армандар орындалады» атты қайырымдылық концерті өтті. Шараның басты мақсаты – жастардың өнерін насихаттау, қиялына қанат бітіріп, армандарының орындалуына сәл де болса үлес қосу.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс» - деген болатын.
Бұл адами құндылығымыз бен қоғам алдындағы парызымыз болып табылады. Ендеше кез келген панасызға пана болу, қамқолыққа мұқтаж жанға жан жылуын сыйлау, тағдырдың тезіне кез болған жаралыға жәрдем беру – әрбір қазақ азаматының борышы. Жаратқанның басына салған сынағына мойымай, қасқайып қарсы шықан жас жеткіншектердің мақсатына жету жолында жасап жатқан еңбектерінің жемісін көруге аз да болса үлес қоса алсақ, бұл да бір ұлт алдындағы еңбектің ақталғаны.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мен дамыту мақсатында аудандандық ішкі саясат және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен игілікті шараға кент клубынан келген Бағдаулет Әбділдаұлы жүректі тебіренте, құйқылжытып ән салса, Шіркейлі ауылынан келген Нұрай Камалова мың бұралып, ерекше толқынды қимылдарымен сахнаның сәнін кіргізді. Өзгелердің де өнері көпшілік көңілінен шықты. Өздерінің мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан, өнерді сүйіп, сол жолда еңбек етіп жүрген әрбір өнерлі жас марапатқа лайықты. Концертте жас өнерпаздарға мақтау қағазы мен естелік сыйлық табысталды.
Тәуелсіз елімізде дүние есігін ашқан әрбір сәби бақытты болуға лайықты. Ендеше болашағымыз ұрпағымызбен жарқын, балапандарымыз бақытты болсын десек, бір-бірімізден мейірім, шапағатымызды аямайық!
Ұлбосын Кенішбек