БІЗ БІРДЕЙМІЗ
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр, бұл жалпы халық санының 3,5 пайызын құрайды. Солардың 69 мыңы балалар екен. Әлбетте олардың тағдыры әртүрлі, біреулері туа бітті кемтар атанса, енді біреулері тағдырдың тәлкегін бастан кешіріп отыр. Дегенмен, осындай ортадағы адамдарға қамқорлық көрсету - қоғамның зор парызы. Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады. Ең бастысы - Елбасы Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін айтып, барша кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырған еді. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», - деген еді Н.Назарбаев. Бұрнағы күні Амангелді ауылында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында “Біз бірдейміз” өнер байқауы өтті. Шараға ауыл әкімі Қ.Құлымбетов келіп, барлық ауылдық округтен келген талапкерлерге сәттілік тіледі. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ауылдық округі әкімінің қолдап, Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шараға 14 елді мекеннен 30-дан астам жас өнерпаздар қатысты. Байқау мүмкіндігі шектеулі жандардың ерік-жігерін көрсету, талантын ұштап, дарынды өнер иелерін халыққа таныту, мүгедек жандарға өздері өмір сүріп жатқан қоғамның мүшесі, қатысушысы екенін сезінуге мүмкіндік жасау, өз мүмкіндіктеріне сендіру мақсатында ұйымдастырылған. Жалпы жарыс додасы таныстыру, өнер байқауы, қолөнер бұйымдары көрмесі сияқты үш кезеңнен тұрды. Талапкерлер өз өнерлерін ортаға салды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау танытып, ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған “До-Си” ансамблі өнер көрсетті. Қазылар алқасының шешімі бойынша сайыс жеңімпазы тереңөзектік Бағдаулет Әбілда атанды. Алғыс хат пен сыйлықтар берілді. Жарыс жеңімпаздарына ауылдық жеке кәсіпкерлер демеушілік жасады. Мүмкіндігі шектеулі жандар шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, алдағы уақытта да барлық іс-шараларға белсене араласатындарын айтты.
Майя ҚОЖАБАЙ