ЖАС БАЛҒЫНДАР ЛАУРЕАТ АТАНДЫ
«Би өнері – әлемнің рухани елшісі» демекші бүгінде би өнерін жанына серік еткен жастар қатары аз емес. Олар өнердің осы түрінің қыр-сырын жетік меңгеріп қана қоймай ұлттық бимен бірге әлем халықтарының би өнерін меңгеруге ұмтылуда. Осы орайда республикалық, халықаралық деңгейдегі шаралар олар үшін шыңдалу, өнерін одан әрі жетілдіру жолындағы үлкен мектеп десек артық емес.
Аудан көлемінде жас балғындарды би өнеріне баулып жүрген жетекшілермен бірге ерекше қабілетімен көзге түсіп жүрген аудандық әуез мектебінің хореографы Зере Айсина да өнер жолында өзіндік ізі қалыптасқан жас өнерпаз. Ол аталмыш мектеп тәлімгерлерінен білім алып, қиындығы мол би өнерін меңгереді. Ұстаздарының үмітін ақтап, жоғары дәрежедегі байқаулардан жеңімпаз атанды. Бүгінде өзі жас маман ретінде шәкірттерін биік белестерді бағындыруға машықтандырып жүр.
Жақында Астананың 20 жылдығы мерекесі күні Елорда төрінде өткізілген «Шаттық» халықаралық дарындылар фестиваліне Зеренің жетекшілігімен «Тұмар би» ансамблі өнер көрсетті. Ауданнан барған жас өнерпаздар Елорда төріндегі фестиваль барысында «Шашу», «Әшекей» билерін ұсынды. Аталмыш шараға жыл сайын 500-ден астам дарынды балалар қатысады. Биыл 10 жылдығын тойлаған «Шаттық» фестивалі республиканың әр түкпірінен және алыс-жақын шетелден келген нағыз таланттардың ордасына айналды. Осы орайда аудандық әуез мектебінің оқушылары сәтті өнер көрсетіп, жетекшісі Зере Айсина мен тұмарлық бойжеткендер лауреат атанды.
Негізінен соңғы жылдары түрлі жанрды қамтыған шара балалардың кәсіби тұрғыдан дамуына зор мүмкіндік туғызып келеді. Бұл дегеніміз осыған дейін 5000-нан аса балдырғанды үлкен сахнаға шығарып, зор жетістікке жетуіне жол ашқанын көрсетеді. Міне, 12 елдің сарапшы мамандарын бір арнаға тоғыстырған фестиваль көркіне айналған сырдариялықтарға алдағы уақытта сәттілік серік болғай дейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ