ТАЛАПТЫ ЖАСҚА ӨРІС КЕҢ
Тумасынан қазақ баласының тапқырлығы мен білімділігі, ержүрек қасиеті талай сында мықтылығын дәлелдеген. Асылдың сынығы мен тектінің тұяғы деген атақты алып жүру үшін қай кезде де намысты ұл мен қыз талай сынақтан сүрінбей өткен.
Бозбала мен бойжеткеннің санасына зерделі ой сіңіріп, тағылымды тәрбиені ұғындыру үшін өткен аптаның жұмасында аудандық мәдениет үйінде жастар жылына орай «Жастар – ел болашағы» тақырыбында аудан жастары арасында байқау өткізілді. Оған аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің логопеді Салима Айымбетова, №1 «Қызғалдақ» балабақшасының тәрбиешісі Айдана Қадырқұлова, аудандық оқушылар үйінің үйірме жетекшесі Ақгүл Әбдікамалова, аудандық мәдениет үйінің мәдени демалыс кешенінің маманы Дәулет Асанов қатысты.
Байқаудың мақсаты еліміздің болашағы саналатын жастарды қолдай отырып, сала мамандарының қабілетін ашуға жағдай жасау болып табылады. Алғашқы кезеңде барлық қатысушы «Мамандығым мақтанышым» тақырыбында өзі қызмет ететін мекемені байланыстыра отырып, түрлі бағытта өздерін таныстырды. Екінші кезеңде «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын ұлттық құндылықтарымыз хақында бейнеролик көрсетті. Мұнда байырғы қазақ халқы мен бүгінгі еліміздің баға жетпес байлығы дәріптелді. Үшінші кезеңде «Туған жерге арнау» тақырыбында жас мамандар өз өнерлерін ұсынды. Шеберлік пен қабілетті байланыстыра алған олардың бірі мамандығы жайында көрініс қойса, енді бірі монолог оқыды. Келесі қатысушы қолдан Астана қаласының макетін жасап әкелсе, бұл сайыстың нүктесі әнмен қойылды. Соңғы кезең «Жас келсе – іске!» тақырыбында аталды. Жұмыс жасап жүрген саласы бойынша кейбір мәселе төңірігінде жас маман өз ұсыныстарын жеткізді.
Байқау қорытындысында жүлделі ІІІ орынды Ақгүл Әбдікамалова, ІІ орынды Айдана Қадырқұлова, І орынды Дәулет Асанов, бас жүлдені Салима Айымбетова иеленді. Барлық қатысушы жас маманға арнайы Диплом мен бағалық сыйлық табыс етілді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ