"Күлтегін" мультфильмінің тұсаукесері өтті
Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түркі әлемінің бастауында тұрған ұлы тұлға Күлтегін туралы толықметражды анимациялық фильмнің таныстырылымын жасады.
"Керуен сити" СО орталығында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көрсеткен тұсаукесерге жас бүлдіршіндер көптеп жиналыпты. Айтпақшы, бұл балалар мультфильмнің алғашқы көрермендері.
Мультфильм сюжетінде ұлы түрік мемлекетіне ыдырау қауіпі төнеді. Түркілердің бірлігін сақтап қалан Ұлы Елтеріс қаған жаңа мемлекетті құруды көздеген сатқындардың қолынан мерт болады.
Тақтың мұрагері Елтерістің ұлы 12 жасар Күлтегін қашып құтылады.
Өзінің туған жеріне оралу үшін ол көптеген қиындықтарды басынан өткізеді. Бұл жолда оған түркілердің жебеушісі Көк Бөрі мен туған бауыры Білге көмекке келеді.
Басы біріккен олар жауды жеңіп түркі әлемін құтқарып алады. Білге қағанды таққа отырғызған Күлтегін түркі мемлекетінің әскери қолбасшысы атанады.
Қысқаша ғана осындай. Ал балаға, әсіресе ділі қазақ жасөспірімге берер тағылымы мол.
«Мен бұған дейін «Челобек паукты», «Моананы», «Мұз ханшайымын» көргемін. Бүгін анаммен бірге «Күлтегінді» көруге келдік. Маған ұнады. Бұрын Күлтегін жайлы білмейтінмін. Енді білетін болдым. Бірақ оның бізге қандай қатысы барын түсінгем жоқ. Бірақ батырлығы ұнады» - дейді бірінші сыныпта оқитын Ерасыл есімді көрермен.
Мультфильм ертеңнен бастап барлық кинотеатрларда көрсетіле бастайды.
baq.kz