Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АКТЕР КИНОФЕСТИВАЛЬДЕ ҮЗДІК АТАНДЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АКТЕР КИНОФЕСТИВАЛЬДЕ ҮЗДІК АТАНДЫ


«Біздің қаланың ханзадасы» фильмінде басты рөлді сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай Қытайда өткен кинофестивальде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кинофестиваль Циндао қаласында маусымның 13-і мен 17-і аралығында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің кино мамандарының қатысуымен өткен.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Адигул продакшн» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмі жалғыздықтың күйін кешіп жүрген балалар үйінің 6 жасар тәрбиеленушісі мен қарттар үйінің ардагері арасындағы достығын баяндайды.
Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы - Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов («Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті»). Басты рөлдерді Әнуар Төлеуғажы және Төлеубек Аралбай («Жаужүрек мың бала», «Жоюшы», «Тығырықтан жол тапқан») сомдады. Сонымен қатар, фильмге Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының (Астана қаласы) актерлері түскен.
Фильмнің түсірілім жұмыстары Астанада және Ақмола облысының Бурабай ауылында өткен. Картинаның тұсаукесері 2017 жылы 1 маусымда, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласында өткен болатын. Ал қазан айында еліміздің кинотеатрларынан көрсетілген. Сонымен қатар, аталған кинотуынды қыркүйек айында Ресейде өткен ІІ Халықаралық «Еуразиялық көпір» кинофестивалінің негізгі бағдарламасы шеңберінде көрсетілген еді.
Айта кетсек, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдері кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына 23 кинолента қатысты, олардың арасында екі отандық картина көрсетілді. Жалпы кинофестиваль көрермендерінің назарына 60 картина ұсынды.
ШЫҰ аясындағы кинофестивальді ҚХР мемлекеттік кинематография басқармасы мен Шаньдун провинциясының әкімшілігі ұйымдастырып отыр.


18 маусым 2018 ж. 955 0