Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасылық құндылық – қоғам тірегі

Отбасылық құндылық – қоғам тірегі

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін
де «АнгарСпецСтрой» жеке шаруашылық серіктестігімен бірлескен «Отбасылық дағдарыс факторлары: ажырасудың себептері мен салдары эмпирикалық зерттеулер негізінде» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Шараның басты мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған отбасылық тұрақтылық, ажырасу себептері мен оның әлеуметтік салдарын жан-жақты талқылау, сонымен қатар отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған тиімді ұсыныстар әзірлеу болды. 

Жиынды Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай жүргізіп, отбасылық институтты зерттеу мен дамыту бағытында университет ғалымдарының атқарып жүрген еңбектерін атап өтті. 

Семинар барысында әр сала мамандары тақырып аясында мазмұнды баяндамалар жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Аида Абибуллаева «Жастар және отбасы миссиясы» тақырыбында жастардың отбасылық өмірге дайындығы мен жауапкершілігі туралы баяндама жасап, өңірдегі ажырасу статистикасына тоқталды. Ол Қызылорда облысы бойынша ажырасу жағдайларының себептерін нақты деректер негізінде талдап, отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, «Қызылорда қаласының отбасын қолдау орталығы» КММ директоры Гүлнара Сексенбаева «Қызылорда қаласының отбасын қолдау орталығының қызметі туралы талдамалық есеп: қол жеткізілген нәтижелер, проблемалар және одан әрі даму бағыттары» тақырыбында орталықтың жұмысы мен жетістіктерін таныстырды. «Экономика және басқару» білім бағдарламалары тобының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Алма Абдимомынова «Ажырасудың себептері: деректерге негізделген талдау» атты баяндамасында ажырасуға әкелетін әлеуметтік-экономикалық факторларға тоқталды.

«Ақмешіт-Сырдария» мешітінің «Кеңес беру орталығы» жауапты маманы Айболат Темиров «Отбасы дағдарысы және бақытқа бастар жол» тақырыбында отбасындағы рухани құндылықтардың маңыздылығын атап өтсе, «Анаға тағзым орталығы» психологы Ақшарбат Бақытжанқызы «Отбасылық дағдарыстың алдын алу: психологиялық қолдау және отбасы құндылықтарын сақтау жолдары» тақырыбында баяндама жасап, отбасындағы түсіністік пен сенімді арттырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ «Экономика және басқару» БББ аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнұров отбасылық дағдарыстың әлеуметтік және экономикалық салдарына назар аударып, ғылыми тұрғыдан талдау жасады.

Іс-шара соңында қатысушылар тақырып аясында пікір алмасып, қоғамдағы отбасылық құндылықтарды дәріптеу және жастарды отбасылық өмірге даярлау бағытында ортақ ұсыныстарын айтты.
06 қараша 2025 ж. 59 0