«Әжем айтқан ертегі» – ұрпақтар сабақтастығының өнегесі
Жақында Ақжарма ауылдық округі әкімдігі мен Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Ақжарма ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Әжем айтқан ертегі» тақырыбында әже мен немере арасындағы облыстық өнер байқауы өтті. Ұлттық құндылықты ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген өнер додасына Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Сырдария ауданынан және Қызылорда қаласынан барлығы жеті әже немересімен бірге қатысты.Байқаудың ашылуында Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Сраждинқызы мен Ақжарма ауылдық округінің әкімі Ерлан Қуанышұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– «Әжем айтқан ертегі» байқауының басты ерекшелігі – әже мен немере арасындағы рухани байланысты нығайтып, халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық тәрбиесін кейінгі ұрпаққа жеткізуінде. Әже – отбасының берекесі, ұлттық тәрбиенің алтын арқауы. Ертегі, мақал-мәтел, өнегелі әңгіме арқылы бала бойына үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, елін-жерін құрметтеу сияқты қасиет сіңеді. Осындай тағылымды іс-шара ұлттық құндылығымызды дәріптеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын бекемдей түседі. Байқауға қатысқан барша әже мен немеренің өнеріне ризашылығымды білдіремін, – деді Анар Қалдыбаева.
Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұрпақ санасына бала кезден сіңіруде әжелер мектебінің орны ерекше. Осыны негізге алған байқауға әрбір қатысушы үш кезең бойынша өзара бақ сынасты. Қатысушылар ертегі айту, мақал-мәтелдерді орынды қолдану арқылы ұлттық тәрбиенің мән-маңызын көрсетті. Әже мен немере арасындағы өзара байланыс арқылы халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы дәріптелді.
Өнер байқауына Сырдария аудандық мәдениет үйінің директоры Жасұлан Жәрменов, аға әдіскер Гауһар Сәрсенбаева, ҚР Оқу ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Қынаш Әуелбекова қазылық жасап, қатысушылардың өнеріне жан-жақты баға берді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені сырдариялық Гүлнар Қаражанова иеленді. І орын жаңақорғандық Айымкүл Замановаға бұйырса, ІІ орынға жалағаштық Күлдаш Тоқманбетова және сырдариялық Шолпан Әбдіманова лайық деп танылды. Ал ІІІ орынды қызылордалық Гүлсім Иманғалиева, шиелілік Үрләйім Аймаханова, сырдариялық Вера Жанқуатова өзара бөлісті.
Ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеген тағылымды байқау өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Көңілді әуен мен әсерлі өнерді тамашалаған көрермен қауым рухани серпіліс алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










