Сымбат пен сын сағаты
Жақында аудандық білім бөлімінің қолдауымен, Тереңөзек кенті мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жігіт сұлтаны – 2026» аудандық байқауының аймақтық кезеңі өткізілді. Байқауға 9 талапкер қатысып, бақ сынады.Тек өнер мен сымбаттың емес, рух пен парасаттың додасына айналған байқауда әрбір талапкер өнер, спорт және шығармашылық бағыттарында өз мүмкіндіктерін көрсете білді. Бұл ретте №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейден Нұрасыл Әбіласан, №36 Әбілда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейден Қасымжомарт Төлепберген, №126 орта мектептен Жансұлтан Темірбекұлы, №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептен Нұрдаулет Сәдібек, №135 Асқар Тоқмағанбетов атындағы орта мектептен Дінмұхаммед Сансызбай, №137 орта мектептен Расул Сүлеймен, №147 орта мектептен Арафат Орынбасарұлы, №174 орта мектептен Бекнұр Қалдыбай, №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептен Ерасыл Жарылқасын көрермен көзайымына айналды.
Негізінен байқау 3 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әрбір қатысушы өзін таныстырса, екінші кезеңде өнер көрсетті. Үшінші кезеңде асық атудан жарыс өткізілді. Өнерпаздардың өнеріне аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Ғалия Бақтиярова, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Айгүл Әуезова төрелік етті.
– Ер жігітті ұлтымыз әрқашан елдің тірегі, отбасының қорғаны, ұлттың айбыны деп таныған. «Жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтылмаған. Бүгінгі сахнаға шыққан әр қатысушы – тек өнер көрсетуші ғана емес, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, білімді, батыл, намысты азаматтың бейнесі. «Жігіт сұлтаны» – сыртқы келбет сайысы емес, бұл – ақыл мен жүректің, тәрбие мен өнердің жарысы. Нағыз жігіт – сөзге шешен, іске мығым, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін азамат болуы тиіс. Талантты әрі дарынды жігіт – намысты, білімді, өнерлі, жүрегі кең, сөзіне берік азамат, – деді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Ғалия Бақтиярова.
Жалпы байқаудың ерекшелігі – асық ату спортының енгізілуі болды. Ақылды гаджеттің жетегінде кеткен оқушылар асық ойнаудың тәсілдері мен атауларына қанықты. Дәлдік пен шеберлікті ұштастырған ойында қатысушылардың қабілетіне мән берілді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Нұрасыл Әбіласан иеленсе, І орынды Қасымжомарт Төлепберген, ІІ орынды Арафат Орынбасарұлы, ІІІ орынды Расул Сүлеймен мен Ерасыл Жарылқасын иемденді. Барлық жеңімпаз бен жүлдегер арнайы «Дипломмен» және бағалы сыйлықпен марапатталып, аудандық кезеңге жолдама алды.
«Тт» ақпарат











