Ұлттық киім – халық қазынасы
Ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайым әрі әдемілігімен ерекшеленіп келеді. Ұлттық киім үлгісінде пайдаланылатын былғары, жүн, киіз, мата сияқты табиғи материалдар адамға жылулық пен жайлылық сыйлаумен қатар, киім иесінің атақ-дәрежесін, байлығын көрсететінін де айта кеткен жөн.Осы орайда аудандық мәдениет үйінде аудандық қоғамдық даму бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Мирас» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлттық киімдерін насихаттау мақсатында «Ұлттық киім – халық қазынасы» атты аудан тұрғындары арасында аудандық байқау өткізілді.
Байқаудың мақсаты – ұлттың дәстүрлі киім үлгілерін, ою-өрнектерін, түстер үйлесімін, шеберлік тәсілдерін келер ұрпаққа жеткізу. Ұлттық құндылықтарға деген патриоттық сезімін арттыру.
Сайыс үш кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерінің шыққан тегін, отбасын және жетістігін таныстырса, екінші кезеңде қазақтың ұлттық киімін киіп, сән үлгісін көрсетті. Ал үшінші кезең өз өнерін көрсету сайысында қатысушылар бірі домбырамен әсем ән шертсе, бірі мың бұрала билеп, театрлық қойылым көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Өнерлеріне тамсана қараған қазылар алқасында «Әжелер алқасының» жетекшісі Ұлмекен Жанәлиева, Сырдария аграрлы техникалық колледжінің жоғарғы санатты өндірістік оқу шебері Алтын Қожахова, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Бақыт Бермағанбетова қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен жүлделі І орынды № 131 орта мектебінің мұғалімі Жарқынай Дәулетияр жеңіп алды. ІІ орынды №135 орта мектеп мұғалімі Ақерке Жақсылықова иеленсе, ІІІ орынды №137 орта мектебінің мұғалімі Зәуре Буршеева қанжығасына байлады. Сайысқа белсене қатысқан №210 орта мектеп мұғалімі Айшабибі Мухтарова, №37 мектеп-лицейінің мұғалімі Жұлдызай Әбутәліпова, №36 мектеп-лицейінің мұғалімі Мереке Әбжаппарова, №129 мектеп-лицейінің мұғалімі Жәмилә Әзбергенова, №35 мектеп-лицейінің мұғалімі Айдана Тұрсынбаева, №132 орта мектебінің мұғалімі Маржанкүл Дүкенбаева «Алғыс хатпен» және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Марапат иелеріне «Әжелер алқасының» жетекшісі Ұлмекен Жанәлиева өзінің ақ тілегін айтып ризашылығын білдірді.
– Әр ұлтты ерекшелендіретін дәстүрлі құндылықтары, әр ұлттың қолтаңбасы іспетті дара әдет-ғұрпы, салт-санасы, ұлттық киімдері бар. Қазақтың ұлттық киімдері – тарихтың көзі, өткен тарихымыз бен салт-дәстүріміздің көрінісі деп білемін. Осы ретте сайысқа белсене қатысып, еңбектеніп бар өнерді ортаға салып жатқан қатысушыларға алғысымды білдіремін. Отбасына амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Жұмыста абыройлы болыңыздар. Осылай ұлттық киімді әрдайым ұлықтап өз салт-дәстүрімізге берік болып жүрейік, – деді «Әжелер алқасының» жетекшісі.
Иә, сайыс қатысушыларының патриоттық сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осылай әрдайым табандылықпен, ұйымшылдықпен өткізілген кез келген жарыста әділ баға берілетіні сөзсіз.
Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Бұл жай ғана киім емес, бүтін бір ұлттың бет-бедерін айқындайтын ұлан-ғайыр тарих.
Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА












