Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық киім – құндылық көкжиегі

Ұлттық киім – құндылық көкжиегі

«Наурызнама» онкүндігі бойынша бүгін – Ұлттық киім күні. Онкүндік аясында қазақтың ұлттық мұрасын дәріптеу кеңінен жүргізіледі. Әрине, сан ғасыр уақыт шеңберінде ұлттық киім үлгісі айрықша нақышта жасалады. Қазіргі уақытта бабадан мұра болып қалған құндылық көкжиегін кеңейту тек бір күнмен ғана шектеліп қалмауы тиіс.

Халық арасында таралған «тек Нау­рыз мерекесінде сандық түбінен ұлттық киім шығарылады» деген қасаң қағиданы жойған абзал. Себебі, ұлттық нақыш сәнге айналып келе жатқаны жасырын емес. Бүгінде мәдени дәстүрдің бірегейлігі мен сан алуан өзгешелігін сақтайтын ұлттық киімнің қадір-қасиетін өзгеге кеңінен насихаттаған жөн. Тарихтан тағылым алатын көпшілік елдік мүддеге келгенде ұлттық киімге деген құрметті арттыра алған.

«Наурызнаманың» онкүндігі басталған уақытта жергілікті бірнеше мекеме ұжымы ұлттық киім кию челленджін бір-біріне жолдап, мерекенің мазмұнын айшықтай түсті. Әрбір ұжымда ұлттық нақышпен көмкерілген киім үлгісі көрініс тапты. Әсіресе, білім, медицина, спорт, мәдениет секілді мекеме мамандары дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, ұлық мерекеге өзгеше сән берді.

Қазақ салтында ер адамға соғысқа аттанарда, жаумен егеске түсерде, торқалы той мен алқалы жиында киімнің ең таңдаулысын, жақсысын кигізетін болған. Керек десеңіз, әрбір жүздің өзіндік киім үлгісі қалыптасқан. Сонымен қатар сымбаты келіскен қазақ әйелінің киімі болмысына лайықтандырылып жасалған. Этникалық, экономикалық, климаттық жағдай ескеріліп, қымбат матадан тігілген киімді қазақтың байлары мен хандары киетін болған.

Бүгін Сырдария ауданында Ұлттық киім күні аясында көптеген іс-шара жүзеге асуда. Ұлттық киім киген жергілікті халықтың мерейі тасуда. Бұл ретте, өз уақытысында ғана емес, науқаншылдыққа салынбай, ұлттық киімді ұдайы насихаттау ерекше жарасымды болмақ.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден
18 наурыз 2025 ж. 149 0