Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық киім – ұрпаққа мұра

Ұлттық киім – ұрпаққа мұра

Аудандағы кент мәдениет үйінде ұлттың ұлылығын насихаттауға арналған игі іс шара өтті. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен «Иман – 2013» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен байқау «Ұлттық киім – халық қазынасы» деген тақырыпты арқау етті.

Байқаудың аты айтып тұрғандай басты мақсат – қазақтың ұлттық киімдерін ұрпаққа үлгі ету, насихаттау, қазақы нақыш пен әшекейлерді жас буынға таныстыру болды. Осы орайда аудандық байқауда кент пен ауылдық округтерден келген қатысушылар бақ сынады.

Қазақтың оюлы, кең етек көйлегі, ұлттық киімі кімді болса да тамсандырмай қоймайды. Оған сыңғырлаған ұлттық әшекей қосылғанда тіпті ерекшеленіп, иесінің сымбатын аша түскендей болады. Қазақтың ұлттық киімі – қазақ мәдениетінің маңызды әрі ажырамас бөлігі. Ұлттық киім – бай тарихи мұра. Халықтың нақышты киімі жұртымыздың өткені мен тарихынан толық хабар беріп тұрады. Өзгеше, өзіндік қасиеттерге ие әрбір деталь тарихтан, әдет-ғұрыптан сыр шертеді.

Байқау қатысушылары үш кезең бойынша бақ сынады. Расында, ұлттық өнерді ұлықтаушылар бұл сайысқа ерекше ынтамен, ден қойып дайындалып келгендері көрініп тұр. Қатысушылардың жасы мен қызметіне шектеу қойылмаған, тек 20 жастан жоғары болу – басты талап.
Алғашқы кезең – өзін-өзі таныстыру. Бұл бөлімде талапкерлер өздерін әнмен, жырмен, өлеңмен, тіпті қара сөзбен таныстырды. Ал әділқазылар қатысушының сөзіне, мәнеріне, киім үлгісіне, сахна мәдениетін сақтауына қарай бағалап отырды.

Екінші кезең – ұлттық киімді таныстыру деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылардың ішінде өз қолынан шыққан дүниелерін ұсынғандар көрерменін еріксіз таң қалдырды. Атап айтар болсақ, Сәкен Сейфуллин ауылының намысын қорғаған Светлана Баймбетова өз қолымен тіккен ұлттық киімдер коллекциясын ұсынып, қарсыластарынан ерекшеленіп тұрды. Ұлттық нақышты тек қана бұрынғының оюымен емес, қазіргі заманға лайықтандырып тігіп шыққан шебердің еңбегіне тәнті болмағандар қалмады. Бұл бөлім сайыстың басты кезеңі болғандықтан, қатысушылар жан-жақты дайындықтарын көрсетті. Қазақ қоғамындағы әйел адамның жас ерекшелігіне сай киім үлгілерін көрсетіп, видеоролик арқылы таныстырып өткен аманкелділік Аружан Серік те өзгелерден ерекшеленді.

Ал үшінші кезеңде қатысушылар өз өнерін ортаға салды. Бұл кезеңде де қатысушылар бірінен-бірі асып түсті деуге негіз бар. Кенттің атынан қатысқан Ләззат Серікбаева өзінің қайын атасы, жергілікті ақын Балашбек Шағырұлының өлеңін мәнерлеп, жатқа оқып, видеороликпен көпшіліктің көзайымына айналды. Ал Қалжан ахун ауылынан қатысушы Ақтолқын Баймұратованың қоңыр үніне таң қалмасқа болмады. Домбырасын қолға алып, шырқай жөнелгенде зал сілтідей тынып, «айта түссе екен» дегендей кейіп танытты. Ал талапты ұстаз Гүлжанар Әбілова өзінің жүрекжарды өлең жолдарын көпшілік назарына ұсынып, мәнерлеп оқып берді.

Сайысқа білікті сала мамандары төрелік етті. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Бақыт Бермағамбетова, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Нағипа Алданиязова және аудандық газет маманынан құралған төрешілер жұмыс жасады. Байқау қорытындысы бойынша төрешілер әр кезең бойынша берген бағаларын қосып, жеңімпазды анықтады.

Сайыс қорытындысы бойынша ұпай салмағы басым түскен аманкелділік Аружан Серік І орынды жеңіп алды. Ал ІІ орын он саусағынан өнер тамған шебер сәкендік Светлана Баймбетоваға бұйырды. ІІІ орынға өнегелі келін, ардақты ана, ақылды ене болып отырған ардақты жан Ләззат Серікбаева лайық деп танылды. Ал қалжанахундық Ақтолқын Баймұратова мен Гүлжанар Әбілова ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Айта кетейік, алдын ала белгіленген ереже бойынша, І орын иегеріне 100 000 теңге, ІІ орынға 70 000 теңге, ІІІ орынға 50 000 теңге қаржылай сыйақы табыс етілді. Ынталандыру сыйлығы үшін ақшалай сертификат өз егелеріне табысталды.

– Бүгінгі сайыс тартысты өтті. Қатысушылардың ұқыпты дайындығы анық аңғарылып тұр. Қазақтың ұлттық киімі қандай әдемі?! Байқау ережесіне сай белгіленген орындар бар. Жеңімпаздарды төрешілердің ортақ баллымен анықтадық. Қатысу­шы­лар мен ұйымдастырушыларға мың алғыс! Жеңістеріңіз құтты болсын! – деді қазылар алқасының мүшесі Н.Нәденқызы.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
12 қазан 2024 ж. 117 0