Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруаның ертеңін ойласақ, қаржы мен суды бүгіннен жоспарлауымыз керек

Шаруаның ертеңін ойласақ, қаржы мен суды бүгіннен жоспарлауымыз керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту үшін шаруаларға ұзақ мерзімді қаржы ұсыну, суды тиімді пайдалану және өнімді терең өңдеу қажеттігін атап өтті.

Қызылорда облысы үшін бұл міндеттер бір-бірімен тығыз байланысты. Диқан алдағы маусымда қанша су алатынын, техникасын қандай қаражатқа жаңартатынын және өнімін қайда өткізетінін алдын ала білсе, шаруасын бірнеше жылға жоспарлай алады.

Жолдауда келтірілген дерек бойынша, былтыр ауыл шаруашылығы шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті шаруашылықтардың ұзақ мерзімді дамуына бағыттау. Тұқым мен жанармайға маусым сайын қаражат қажет. Ал техника жаңартуға, су үнемдеу жүйесін орнатуға немесе өңдеу цехын ашуға салынған қаржы бірнеше жылда қайтады. Сондықтан мұндай жобаларға берілетін несиенің мерзімі шаруаның табыс табу мүмкіндігіне сай болуы керек деп есептеймін.

Сыр өңірі үшін суды үнемдеу – егін шаруашылығының тұрақтылығын айқындайтын мәселе. Каналдардағы су шығынын азайтып, шаруашылықтарға берілетін судың көлемін нақты есепке алу қажет. Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі осы деректерді қолжетімді етсе, диқан егіс көлемі мен дақыл түрін су мүмкіндігіне қарай жоспарлай алады. Отандық техниканы жаңарту, алқаптың жағдайын цифрлық құралдармен бақылау және жасанды интеллект көмегімен суару кестесін жоспарлау да осы міндетке қызмет етуі тиіс.

Мемлекет басшысының Қызылорда шаруаларының күрделі климат жағдайында жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеп отырған тәжірибесін атап өтуі өңіріміз үшін маңызды. Өнім жергілікті жерде өңделсе, шаруаның өткізу мүмкіндігі кеңейіп, ауылда жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы тұрғыдан алғанда, «Бәйтерек» холдингі іріктеген, жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын тағам өнеркәсібі жобаларына жеңілдетілген қаржының уақтылы берілуі маңызды. Мал шаруашылығында да осы тәсілді қолдануға болады. Ет пен сүт өңдейтін кәсіпорындар жергілікті шаруалардан өнімді тұрақты сатып алса, екі тарап та өндіріс көлемін алдын ала жоспарлай алады.

«Ауыл» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы ретінде Жолдауда айтылған міндеттердің нәтижесін шаруаның күнделікті жұмысынан көруіміз керек деп санаймын. Диқан егіске қажет судың көлемін маусым басталмай тұрып білсе, шаруашылық техникасын қолжетімді қаржыға жаңарта алса, ал ауыл кәсіпкері өнімін өңдеп, тұрақты өткізе алса, қабылданған шаралар нақты нәтиже берді деуге негіз бар.

Мұстафа Садық,
«Ауыл» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы
05 қараша 2026 ж. 58 0