Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұршық үстіндегі ұлағат

Ұршық үстіндегі ұлағат

Ұрпақтар сабақтастығы – ұлт негізі. Бүгінде ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді ұлықтау, оны кейінгі буынға үлгі ету маңызды. Облыс орталығындағы «Анаға тағзым» ғимаратында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұршық үстіндегі ұлағат» атты облыстық байқау өтті. Сәрсенбінің сәтінде аудандық газет редакциясына сүйінші хабар жетті.

Аталған облыстық байқауға біздің ауданнан қос бірдей ақ жаулықты әже немерелерімен бірге қатысып, қоғалыкөлдік Рахима Досжанова жүлделі І орынды жеңіп алған. Ал шіркейлілік «Ақдариға» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Гүлжауһар Есенхожаева шөбересімен қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болып, Алғыс хатпен марапатталды. Айта кетейік, байқаудың негізгі ерекшелігі – қатысушы әжелердің өзінің немере-шөберелерімен бірге қатысуында болды. Бұл өз кезегінде кейінгі буынға үлгі мен өнеге болып отыр.

– Түрлі байқауларға бұған дейін де қатысып келеміз. Десек те бұл байқаудың ерекшелігі әже­лермен бірге немерелердің қатысуы болды. Расында қазіргі таңда ұрпақты ұялы телефон тәрбиелеп жатыр дегенді көп айтамыз. Ал балаға тәрбиені сөзбен берудің де нәтижесі аздау болуы мүмкін. Себебі бала естігенін ұмытады, көргенін қайталайды. Бұл – бала тәрбиесіндегі мызғымас қағида. Осы ретте облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен байқау жоғары деңгейде өтті. Мәні мен маңызы жоғары. Немерем біраз нәрсені көріп, үйреніп, ерекше әсер алып қайтты, – дейді Қоғалыкөл ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, мәдениет саласының ардагері Рахима Досжанова.

Әжелер мен немерелерінің арасындағы ұлттық салт-дәстүр мен қолөнерді дәріптеу сайысы өскелең ұрпаққа отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ сабақтастығын нығайтуды мақсат етті. Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші бөлімде әже мен немересі өздерін ұлттық нақыштағы шығармашылық форматта таныстырды. Таныстыру барысында туған жер, ататек туралы қысқаша мәлімет айтылды. Екінші кезең қолөнер шеберлігіне арналды. Бұл кезеңде қатысушылар халқымыздың дәстүрлі қолөнері бойын­ша өнер көрсетті. Кесте тігу, ши орау, құрақ құрау, жіп иіру, жүн сабау, сырмақ сыру өнерлері қайта жаңғырды. Қолөнер бұйымын жасау барысында әжелердің немересіне ұлағатты өсиет пен халық әндерін айтуы қадағаланды. Ал үшінші кезең салт-дәстүрмен таныстыру болды. Бұл кезеңде қатысушы өзі таңдап алған ұлттық дәстүрді немересіне түсіндіруі қажет. Қазылар алқасы қатысушының біліктілігіне, сахна мәдениетіне, киім үлгісіне, ұлттық дәстүрді ұлықтауына басты назар аударды. Сайысқа қала мен аудандардан 20 талапкер қатысып, өз өнерін ортаға салды.

– Ұлттық құндылықты насихаттау, дәріптеу кезек күттірмейтін шаруа. Осы орайда ұйымдастырылған іс-шараның маңызы жоғары болды. Қатысушылар тың дайындықпен келгені көрініп тұр. Баға беру қиын. Десек те жүйріктен жүйрік озар демекші, байқау талаптарына сай бағаладық. «Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеген» аналарымыздың құндылығы, отбасындағы орны мен тәрбиедегі үлесі қашанда жоғары, – дейді облыстық әжелер кеңесінің төрайымы Рәзия Қалжанова.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

23 тамыз 2025 ж. 255 0