Әжелер салған ән қандай...
Өнерімен көпшілікті тәнті етіп, өнегесімен кейінгі ұрпаққа үлгі болған әжелер ансамбльдерінің жұмысы әр ауылда жанданып келеді. Берекесі мен бірлігі жарасқан Асқар Тоқмағанбетов ауылында әжелер арасындағы думанды байқаудың куәсі болдық. Аудан өнерпаздарының өнеріне қанығып, әжелердің өзара сайысын тамашаладық.
«Әжелер салған ән қандай» тақырыбын арқау еткен байқаудың жоғары деңгейде өтуіне ауылдағы «Аманат» шаруа қожалығы демеушілік жасаған. Өнер фестивалі әжелер ансамбльдерін халық арасында кеңінен насихаттау мен кейінгі ұрпаққа қазақ әндерін, құндылығын насихаттауды мақсат еткен. Өз деңгейінде ұйымдастырылған байқауға ауылдық округтерден келген жеті әжелер ансамблі қатысса, тамашалауға жиналған халықтың қарасы қалың болды.
Алғашқы сөз ауыл әкімі Ғабдолла Алданазаров пен «Аманат» шаруа қожалығының төрағасы Меңдіғали Есжановқа берілді.
– Ауылымыз күн санап көркейіп, өркен жайып келеді. «Қос тойың қабат келсін» дегендей, ауылымыздағы ауқымды жаңалық – тұрғындар табиғи газға қол жеткізіп, тұрмысы жеңілдеп жатыр. Облыс әкімі ауылға арнайы табан тіреп, «көгілдір отынды» тарату салтанатына баршамыз куә болдық. Бүгін, міне, сол ұлы тойдың жалғасы іспетті аналарымыздың, ардақты апаларымыздың байқауында бас қосып отырмыз. Аяулы аналарымызға сахнада сәттілік тілейміз, – деді ауыл әкімі.
Одан кейін сөз алған «Аманат» шаруа қожалығының төрағасы қай кезде де, қай жаста да анаға құрметтің төмендемеуі керегін айтып, жүрек тебірентерлік сөзін арнады.
– Бүгін – аналарымыз үшін мереке. Қазіргідей заманда адамдардың бір-бірімен бас қосып, қауқылдасқанынан артық бақыт жоқ. Үлкен кісілер үшін бұл тіпті рақат күй. Осы орайда аналарымызды қолдап, үлкен сахнаға шығып өнер көрсетуіне мүмкіндік жасадық. Менің үлкен бір арманым бар. Егер бір тілегім орындалар болса, анамды бір-ақ күнге осы өмірге қайтарар едім. Сөйтіп мойнымнан түсірмей арқалап жүрер едім. Бірақ, арман. Адамда арман таусылған ба?! Анаға құрмет аласармауы керек. Ананың бәрі бірдей. Бәрі де баласы үшін тілекші. Осы орайда ойлана келе аналарымыздың басын қосып, байқау ұйымдастыруды жөн санадық. Бастама көтеріп, қолдап, бастан-аяқ ұйымдастырып жүрген ауылды клуб үйіне, Әсел Ибраева қарындасымызға рақмет айтамын. Бір жағынан осылай кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетсек, екінші жағынан аналарымыздың ақ батасын аламыз, – деді М.Есжанов.
Сахна шымылдығы жақсы пікір, әдемі бимен түрілгеннен кейін кезек өнерпаз әжелерге берілді. Байқау екі кезең бойынша өтті. Алғашқы тур «Супер әже» деп аталды. Бұл кезеңде әр ансамблден 3 әже заманауи сән үлгісін көрсетті. Екінші кезең «Әжелер салған ән қандай» деп аталып, әжелер өз өнерлерін ортаға салды. Қазақы нақышта киінген ардақты аналар ұмыт болып бара жатқан дәстүрді жалғап, жанды дауыста ән салды. Түрлі музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен ән айтқан ансамбльдер байқауға жоғары деңгейде дайындалғанын көрсетті.
Сайыста білікті мамандардан құралған қазылар алқасы жұмыс жасады. Құрамында «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ә.Мырзахметова, дизайнер-модельер Ә.Пірімбетова, «Сырдария» квартетінің әншісі Ә.Садықов болды. Олар әжелердің өнеріне, сахна мәдениетін сақтауына, киім үлгісін сақтауына қарап бағалады. Сайыс қорытындысы бойынша І орынды берекелі Бесарық ауылынан келген «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі жеңіп алды. ІІ орынды кент мәдениет үйі жанынан құрылған «Сыр ана» әжелер ансамблі, ІІІ орынды А.Тоқмағанбетов ауылының «Асыл ана» әжелері мен Қалжан ахун ауылының «Ақ әжелер» ансамблі жеңіп алды. Айта кетейік, байқау жеңімпаздары мен қатысушылары дипломмен, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал «Супер әже» арнайы аталымын А.Тоқмағанбетов ауылының тумасы, 72 жастағы Роза Төлепова иеленді. Жеңімпаздарды марапаттаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева ізгі лебізін білдірді.
– Аудандық байқау жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға, демеушілік жасаған ел ағаларына алғыс білдіремін. Арда азаматтардың зор қолдауының арқасында 70-тен аса асыл ана сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Бұндай қолдау өзге де кәсіпкерлерге, ел азаматтарына үлгі болса деген ниетіміз бар. Тағылымы мен тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жалғасын таба береді. Байқаудың жоғары дәрежеде өтуі – ауылдық клуб ұжымының еңбегінің арқасы. Берекесі тасыған ауыл халқының ыстық ықыласына бөленіп жүре берейік, – деді А.Қалдыбаева.
Мерекелік іс-шара соңында ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Б.Жылқыбаев жиналған қауымға алғыс айтып, ақ батасын берді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ