Журналист – шындықтың шырақшысы

Журналистика – кез келген оқиғаны жай жеткізіп қоймай, оның түп негізіне үңіліп, себеп-салдарын сараптап, қоғамға әсерін түсіндіру. Журналист тек ақпарат тасымалдаушы емес, ол – бағыт беруші, қоғамның айнасы. Сөздің салмағы бар жерде, журналистің де салмағы сезіледі. Өйткені, әр жазылған сөйлем артында адам тағдыры, ел мүддесі тұруы мүмкін.
Бүгінгі таңда бұл мамандық жаңаша қарқынмен дамып келеді. Сандық технологиялар мен әлеуметтік желілердің өркендеуі журналистикаға тың мүмкіндіктер ашты. Қазір журналист тек газет-журналмен шектеліп қалмай, сайт жүргізу, подкаст жазу, бейнематериал дайындау сынды мультимедиалық бағытта жұмыс істейді. Осы орайда жазу шеберлігімен қатар, бейне өңдеу, фото түсіру, фактчекинг, SMM сынды қабілеттер де маңызды бола түсті.
Сонымен қатар, журналист болу – күнделікті білімді жаңартып отыру, түрлі салада хабардар болу деген сөз. Әлеуметтік, саяси, мәдени, экономикалық мәселелерді еркін меңгеріп, кез келген аудиториямен тіл табысу – бұл мамандықтың ерекшелігі.
Алайда, бұл жолдың жеңіл емес екені рас. Кез келген ақпаратты тексеру, оқиға орнына барып көру, дереккөз табу – мұның бәрі үлкен еңбек пен ұқыптылықты талап етеді. Журналистиканың ең басты құндылығы – шындық пен бейтараптық. Нағыз журналист ешқашан өтірік ақпарат таратпайды, әр сөзіне жауап бере алатын тұлға болуға тиіс.
Журналист болу – қоғамның тамырын ұстай білу. Бұл – биік мінбер емес, ел ішіндегі үн. Бұл – халыққа адал қызмет етудің бір жолы. Журналистика – жай ғана мамандық емес, бұл – өмір салты.
Мырқиева Нұрайым
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден