Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№27 газет

14 сәуір 2026 ж.

№26 газет

11 сәуір 2026 ж.

№ 25 газет

07 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
» » » Орамалдың қасиеті мен мәні

Орамалдың қасиеті мен мәні

Орамал – қазақтың тұрмысында, мәдениетінде, тіпті руханиятында терең мәнге ие бұйым. Қарапайым матадан жасалған бас киім бола тұра, оның ар жағында ғасырлардан жеткен салт-дәстүр, ұлттың болмысы, әйел затының қадір-қасиеті жатыр. Қазіргі таңда орамал тек тұрмыстық қажеттілік емес, ұлттық болмыстың символына, тіпті сәнге айналды.

Қазақ қоғамында орамал тағу – әйелге тән сыпайылық пен инабаттылықтың белгісі. Әсіресе келін болып түскен жас әйелдің ақ орамал тағуы – оның жаңа әулетке қабылданғанының, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін аналық жолға бет бұрғанының көрінісі. Ақ орамал – бейбітшіліктің, тазалықтың, аналық мейірімнің белгісі.

Орамал қазақтың көптеген салт-жоралғыларында кездеседі. Мысалы: «Келін түсіруде – келіннің басына орамал жабу»; «Орамал тастау – қыз ұзату немесе ұлттық ойындарда, айтыс кезінде қолданылатын дәстүр»; «Жастар арасындағы бәсті шешуде – жеңілген адам орамал тастап, жеңісті мойындайды».

Қазақта «орамал тон болмайды, жол болады» деген тәмсіл бар. Бұл – орамалдың материалдық емес, рухани мәні бар екенін аңғартады. Орамалмен жасалған сый – ықылас пен құрметтің белгісі.Тағы бір қызығы – орамалды шешу немесе тастау кей жағдайларда қарсылықтың немесе реніштің белгісі болуы мүмкін. Мәселен, аруаққа сыйыну кезінде әйел адамның орамал тағуы – ниетінің тазалығын білдіреді. Бүгінгі таңда орамалды әртүрлі стильде тағып жүрген қыз-келіншектерді көп көреміз. Бірі діни себеппен, бірі ұлттық сана-сезіммен, енді бірі сән үлгісі ретінде тағады. Заманауи үлгідегі шифон, жібек, өрнекті орамалдар трендке айналып, тіпті халықаралық подиумдарға да шықты. Бұл жаңғыру ма, әлде сән қуған жаңару ма – ол әркімнің ниетіне байланысты. Дегенмен, негізгі құндылық – орамалдың киесін, оның артында жатқан мәдени-рухани мұраны ұмытпау.

Орамал – қазақ әйелі үшін жай ғана бас киім емес, ұлттың нәзік болмысы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аманат. Ол – ақ жаулықты ананың батасы, келіннің ибалылығы, қыз баланың инабаты. Уақыт өте түрі өзгерсе де, мәні мен мағынасы ұмытылмауы тиіс. Себебі ұлт болмысы – осындай қарапайым, бірақ қасиетті дүниелерден бастау алады.

Мұрат А.Н.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден
24 сәуір 2025 ж. 603 0