Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Анамыздың қасиетті «Ақ орамалы»

Анамыздың қасиетті «Ақ орамалы»

Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Балшекер Өтегенованың ұйымдастыруымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті. Іс-шараға аудандық Әжелер мектебінің, Әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева, білім саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Гүлбар Әбілова мен этнос өкілдері қатысты.

Бұл акция халқымыздың шығу тегіне, әлеуметтік, діни және басқа да ерекшелігіне қарамастан бейбітшілік, ынтымақ болсын деп көздейді. Отбасының амандығын, игілігін мақсат еткен, перзентінің жолына ақ батасы мен тілегін аямаған, ерін қастерлеген, бейбітшілікті Тәңірден күндіз-түні тілеген ақ жаулықты анамыздың ақ орамалы әрқашанда қастерлі. «Ақ орамал» акциясының астары – ұлтаралық татулықтың негізі. Яғни, жаугершілік заманда, әйел-ана басындағы орамалын шешіп алып, жанжалдасушылардың ортасына тастап, жанжалдың тоқтауына себеп болған.

Жиында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Балшекер Өтегенова алғашқы сөзді бастап, акцияның мән-маңызына тоқталып, ақ жаулықты аналарға ақ тілегін жеткізді.

– Орамалда қазақтың ырым-тыйымы, өнегелі тәрбиесі жасырылған. Оны түсіне білген әрбір әйел адам бақытты, – деді.

Аудандық Әжелер мектебінің төрайымы Ұлмекен Шанайқызы «Ақ орамал» акциясының тәрбиелік мәні, жастарға үлгі боларлық қадір-қасиеті, орамал тартудың салт-дәстүрімізде алатын орны туралы тұщымды әңгіме айтып, ана сыйлаған жан ақ жаулықты аттамағандығын жеткізді.

Іс-шара соңында ауданның белсенді, қадірменді аналары ұлттық танымымызды айшықтайтын салтымызды дәріптеп, этнос өкілдеріне ақ жаулық сыйға тартып, ақ батасын берді.

Әрбір қазақ халқы анамыздың ақ орамалын біледі, сыйлайды, құрметтейді. Самайының ақ түскен шашын жабу үшін ақ жаулығын таққан аналарымыз әрқашанда қасиетін жоғалтпай жүрегімізде, санамызда жатталады. Ақ жаулықты өскелең ұрпақ та қадір-қасиетін түсініп, болашақта да ұмытылмайтыны хақ!

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
15 ақпан 2025 ж. 75 0