Ақ орамал – бақ орамал
«Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» демекші, дана халқымыз ақ орамалды ежелден-ақ ерекше құрмет тұтып, қадір-қасиетін бағалаған. Орамал қай заманда да үлкен құрметке ие. Ұлттық болмысты айғақтайтын ұлы ұғымның бірі ақ орамалдың қасиеті өте тереңде жатыр. Өнегеге толы қазақ салт-дәстүрінде әйел әрқашан орамал тағып, жаулықпен жүрген.
Ата-бабаларымыз орамал әйел адамның басындағы байрағы деп санаған. Кешегі үлкен қария әжелеріміз, аналарымыз ақ жаулықты ерекше құрметтеп, тағу әдебін осы кезге дейін сақтап, ұлттық болмысын ешқашан ұмытпаған. Жалпы ақ орамал ізгіліктің, тазалықтың, кіршіксіз пәктіктің, сұлулықтың, адалдықтың нышаны. Орамал – әйелдің қорғаны, ары. Қазақ салт-дәстүрінде, дінінде, тарихында орамалға қатысты түрлі ырым-тыйымдар, жөн-жоралғылар мен өзіндік ережелері бар.
Халқымыз дәстүр бойынша жаңа түскен келінге «басына қонған бақ орамал болсын» деп басына ақ орамал салған. Келінге орамалды көпті көрген өнегелі әжелеріміз тағады. Ақ орамалды жас келіннің басына үлкен кісінің салуында үлкен тәрбиелік мән бар. Орамал салған сәттен бастап жаңа түскен келін келген елінің тілеуін тілейді деген түсінік қалыптасқан. Ақ орамал таққан жас келіншекті көргендер жаңа түскен келін екенін бірден білетін болған. Дәстүр бойынша ағайын-туыс жас келінді міндетті түрде үйлеріне есік көрсетіп шақырған, сол кезде әдемі орамал сыйға тартқан.
Орамалдың қасиетін асыл дінімізде де ерекше бағалаған. Діни түсінік бойынша орамалсыз жүрген әйелдің иманы қырық қадам алыс жүреді делінген. Емізулі келіншек нәрестені емізерде басына міндетті түрде орамал таққан. Себебі емізулі келіншек баланы орамалсыз емізсе, қайызғағын шайтан баланың аузына салып жібереді деген түсінік бар. Ондай бала анадан безіп, қайырымсыз болады деп ұққан. Ананың ақ сүтімен даритын бала тәрбиесінде ақ орамалдың алатын орны әрдайым ерекше.
Орамал – ана екеніңді, біреудің некелі жары, үлкен әулеттің келіні екеніңді білдіретін белгі. Орамалдың басты қасиеті де осында. Халық даналығында «орамал тартқан әйелде – қайыр бар» дегендей ақ орамалға қатысты көптеген ұлттық құндылықты дәріптейтін аңыздар бар. Көне аңыздар бойынша жаугершілік заманда қыз-келіншектер басындағы орамалын көтеріп, жауласқан жандарды бітімге келтіріп, татуластырған. Қару ұстанған батырлар орамалдың алдында дәрменсіз болып, орамалсыз әйелге қарай алмай, киелі ақ орамалды аттамаған. Міне осыған қарап-ақ орамалдың қандай киелі, қасиетті екенін аңғаруға болады.
«Орамал тон болмайды, жол болады» деген халық арасында сөз бар. Мән мағынасына сүйенер болсақ, орамал сый-сыяпат ретінде берілген. Қазақ салт-дәстүрінде қуыс үйден құр шықпасын деп орамал тарту етеді. Орамал қай кезде де әйел үшін ең бағалы, құнды сыйлық.
Заман ағымына қарай қазіргі таңда орамал тағатын келіндеріміз, аналарымыз бен әжелеріміз азайып барады. Тек құран оқытқан кезде немесе тамақ істейтін кезде ғана тағып жатады. Дегенмен заман қаншалықты дамып кетсе де ақ орамалдың қадір-қасиеті мен құндылығы жоғалмайтыны анық. Бір әулеттің отын сөндірмей ұстап, ұрпақ тәрбиелеп отырған ақ орамалды ибалы келіндеріміз бен ақ жаулықты әжелеріміз көп болғай.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ