Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызылқұм – Өнер мен Мәдениеттің ордасы

Қызылқұм – Өнер мен Мәдениеттің ордасы

Қызылқұм қойнауында сыр бөккен Іңкәрдария ауылында қашанда бірлігі бекем, тірлігі көркем жұртшылық қоныс тепкен. Үнемі егіншіліктің ебін тапқан, ризық-несібесін жерден терген ауылдағы ағайын өнерді өрге сүйреп келеді. Мәдениет саласының өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан Іңкәрдария ауылдық клуб үйінің ұжымы өнердің жұтамас байлық екенін көпшілікке барынша насихаттап келеді. Білікті басшы, тәжірибелі менеджер, мәдениет саласының майталманы Зағира Ахметовамен ауыл мәдениетінің бүгінгі жай-күйі жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Зағира Саханқызы, 35 жылдан бері ауыл мәдениетінің тұт­қа­сын ұстап келесіз. Аудан орта­­лығынан шалғайда орна­лас­қан елді мекендегі мәдениет сала­сының тарихы хақында айтып бересіз бе?

– Ең алдымен, ауыл тарихынан бастаған дұрыс болар. Негізінен, 1964 жылы ҚССР министрлер кеңесі қаулысы бойынша қаракөл қой шаруа­шылығын дамыту мақсатында Іңкәрдария совхозы құрылған еді. Сол уақыттан бері ауылымызға көптеген басшы келіп, мал шаруашылығы саласына серпін береді. Әрине, жергілікті тұрғындар қоныстана бастаған тұста ауыл мәдениеті халыққа қызмет көрсете бастағаны анық. Негізінен, ауылдағы алғашқы клуб үйі сов­хоз құрылған жылы пайдалануға беріл­ген. Өз кезегінде ауыл өмірімен біте қайнасқан мәдениет майталмандары салада өзіндік қолтаңбасын қал­дырды. Осыдан 42 жыл бұрын мені сол кездегі совхоз директоры Құрман Ысқақов сүйемелдеуші мамандығына қабылдады. Араға бірнеше жыл салып, өз ісінің білгірі Дүйсенкүл Батталовадан меңгерушілік қызметті алған едім. Міне, осы сәттен бастап мәдениетте қажырлы еңбек етіп келемін. Ауылымыздан шыққан таланттар ішінде Тұрсынкүл Жұмабекова, Ұлтай Өміртаева, Құралай Топалақованың есімі мен өнері ел есінде.

Шындығында, әр жылдары көп­те­ген қиындыққа тап болдық. Жеке­­шелендіру мәселесін шешіп, құл­дыраудан аман-есен шыққанымыз бар. Ал жаңа ғимарат 2015 жылы Іңкәрдария ауылының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілді. Іңкәрдария ауылдық клуб үйінде 7,5 штатпен 8 қызметкер жұмыс істеп келеді.

– Ауылдық клуб үйінде қанша үйірме бар? Ауыл өнерпаздары қандай жетістістікке қол жеткізуде?

– Мәдениет ошағында «Көркем сөз», «Драма», «Сурет», «Ән», «Домбыра» үйірмесі бар. Сондай-ақ «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы тара­пынан «Көркем оқу», «Сурет салу», «Домбыра», «Ұлттық би», «Балалар хоры» үйірмесі ашылды. Бүгінде арнайы орталықтың шапағатын көру­деміз. Өнерлі бұрымдылар би өнерімен шұғылдану үстінде. Мате­риал­дық база жасақталып, үйірмеге қажетті құрал-жабдық алынды. Бұның барлығы – ауыл баласының игілігі үшін жасалуда.

Біздің өнерлі өрендеріміз жыл көле­мінде көптеген жоғарғы дең­гейдегі байқауға қатысып, жеңімпаз атануда. Мәселен, Жанерке Нұрлан «Құс жолы» балалар журналының ұйым­дастыруымен өткен «Құс жолы» республикалық балалар мен жас­өспірімдер арасындағы өнер бай­қауында «Хореография» жанры бойынша І орын иеленді. Нұредин Еділбай «Balafest» ІІ рес­пуб­ликалық өнер бай­қауында «Вокал» жанры бойынша ІІ орын еншілесе, «Бозторғай» байқауының дипломан­ты атанды. Оспанхан Әубәкіровтің 90 жыл­дығы мен Толымбек Әлімбекұлының 70 жыл­­­дығына арналған «Асқардың ізімен...» ат­ты облыстық сатирик ақындар мүшәй­расында Малика Қо­жақова жеңіс тұ­ғырынан көрінді. «Жауқазын» өнер орталығының ұйым­­­дас­­ты­руымен «Жау­қазын» рес­­­­­пуб­ликалық өнерлі балалар бай­қауының «Атамекен – жұмақ мекен» тақырыбында өткізілген сайысында «Көркемсөз» жанры бойынша Ақбота Ермаханова жеңімпаз атанды. Жалпы, ауылдық клуб үйінің өнерпаздары осыған дейін 22 аудандық, облыстық, республикалық байқаудан үздіктер қатарынан табылды.

– «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы» тұжы­рымдамасы не­гі­­зінде ат­қа­рылып жатқан жұ­мыс­тарға тоқталасыз ба?

– Адал адам мәдени-тәрбие орта­лығы» тұжырымдамасы 7 бағыт бо­йынша әзірленді. Бірнеше бағыт бо­йынша 2024 жылдың 6 айында 36 іс-шара ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жү­рек жылуы» атты аудандық өнер фес­тивалі байқауы өткізілді. «Арт уақыт» жобасы бойынша ақын, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Өлең, мен сені аялап өтемін» атты көркем оқу үйірме оқушылары арасында аудан­дық байқау жүзеге асты. «Кино тайм» жобасы аясында тәрбиелік мәні бар бірнеше кино ауыл халқына тегін көрсетілді. «Арт уақыт» жобасы аясында клуб үйінің үйірме өнер­паздарымен бірлесе ауқымды іс-шара өткізу жолға қойылған. «Жанұя шуағы» бойынша отбасы құндылығы барынша дәріптелуде. «Креативті хаб» жобасы аясында ауылымыздан шыққан қолөнер шеберлерінің көр­месі көпшілік сұранысына ие болуда. «Әлем book» жобасы аясында балалармен «Ертегілер еліне саяхат» жаса­лады. «Еріктілер тобы» мүшесі сана­латын ауыл жастары ерікті түрде көп­шілікке қолғабыс етуде. «Сұхбат тайм» жобасы аясында «Бестің шайы» бағдарламасы жүзеге асуда.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Балтабай ОРДАБЕКОВ
30 шілде 2024 ж. 413 0