Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауыл мәдениеті – сарқылмас байлық

Ауыл мәдениеті – сарқылмас байлық

Қоғалыкөл ауылында қарашаңырақтың түтінін түтеткен әрбір отбасы тарихы тереңде жатқан көл жағасында қоныстанғаны мәлім. Ризық-несібесін жерден терген Қоғалыкөл ауылының қашанда берекесі тасыған. Есімі елге белгілі театр падишасы Сәбира Майқанова, өнердің жарқын өкілі Сұлтан Қожықов пен Серәлі Лапиннің туған жерінің қойнауында қаншама ашылмаған сыр жатыр. Өткен ғасырдан бері мәдениет саласында елеулі өзгеріс орын алып, ауылдағы өнер ордасы таланттар шеберханасына айналған.

Бүгінде аудандық мәслихат депутаты Динара Ибадуллаева жетекшілік ететін ауылдық клуб үйінің ұжымы 1972 жылдан бері халыққа мәдени, рухани бағыт бойынша үздіксіз жұмыс жасап келеді. Осы аралықта сахна саңлақтары ауыл мәдениетін көтеруге зор үлес қоса білген. Мәселен, 52 жыл бұрын мәдениет ошағына ардақты азамат Балтабай Еламанов басшылық жасаса, содан кейін мәдениет саласының майталманы Күлшира Көмірбаева ел-халықтың ішінде елеулі қызметімен танылды. Сонымен қатар білікті басшы Ермекбай Әдікенов ауыл мәдениетінің күретамырына қан жүгіртеді. Ал 2016-2021 жылдары музыка маманы Ләззат Сапарбаева ілкімді істерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленеді.

– Біз үшін өткен күн – тарих. Қаншама алыптар шыққан мекенде ұлт құндылығы ешқашан жұтамайды. Шын мәнінде, әрбір басшының өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Анығын айтқанда, Балтабай ағамыз 1974 жылы Алматы қаласына жерлесіміз КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованы іздеп барған екен. Ардақты азамат жерлесінің шаңырағынан дәм татып, ауылдағы ашылған театр әртістеріне арнайы грим алып қайтқанын көпшілік жақсы біледі. Бұдан бөлек Күлшира мен Ләззат апамыздың, Ермекбай ағамыздың мәдениет үйінде жүріп өткен жолы қаз-қалпында сақталған секілді. Әрине, тәжірибелі басшылардың ақыл-кеңесін ала отырып, өнердің өрісін кеңейтіп келеміз, – деді ауылдық клуб үйінің директоры Динара Ибадуллаева.

Негізінен, осыдан 12 жыл бұрын аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ауылдық клуб үйінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Осы күні ұжымда 8,5 штаттық бірлік бойынша 10 қызметкер жұмыс жасайды. Өткен жылы жоспар бойынша 52 іс-шара өткізіліп, 5178 көрермен тартылды. Ал аудандық деңгейде ақын М.Жұмабаевтың 130 жылдығына «Мен жастарға сенемін» тақырыбында жазба ақындар мүшайрасы өткізілсе, композитор Ә.Бейсеуовтың 85 жылдығына орай аудандық «Әсеттің әсем әндері-ай» атты әншілер байқауы өтті. Облыстық дәрежеде Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Күмбірле күй домбыра» тақырыбындағы кәсіби күйшілер байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылған болатын.

– Қоғалыкөл ауылдық клуб үйінің жанынан құрылған 5 үйірмеде талантты балалар қамтылды. Шындығында, «Ән», «Сурет», «Домбыра», «Ардагерлер» ансамблі, «Көркемсөз» үйірмесіндегі оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық байқауда топ жарып жүр. Есепті мерзімде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы бойынша және өзгеде бағытта өткізілген іс-шара саны – 40-қа жеткен. Мәдениет ошағында әдіскер Гүлшара Сарбасова, мәдени ұйымдастырушы Райхан Шүкірәлиева қажырлы еңбек етуде. Әрине, аудан құрамына кіретін үлкен ауылдың бірі саналатын Қоғалыкөлде мәдениет саласын жандандыруға барымызды саламыз. Кәсіби мамандардың біліктілігінің арқасында ауыл мәдениетін лайықты түрде жүргізе береміз, – деді кәсіпорын басшысы.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
18 мамыр 2024 ж. 173 0