Ауыл мәдениетін жандандырған
Көктемнің шуақты күніне орай Іңкәрдария ауылдық клубының басшысы Зағира Ахметованың жемісті еңбек жолын жұртшылыққа жария етуді жөн көрдік. Саналы ғұмырының 40 жылын ауыл мәдениетін көтеруге арнаған тәжірибелі басшы соңғы 34 жылдан бері ауылдық клуб үйін абыроймен басқарып келеді.
Қазір ауданның мәдениет саласына қарасты нысандардың жағдайын бұрыңғы кезеңмен салыстыруға келмейді. Көзкөргендер жақсы біледі, бұрын жылына бір рет өтетін әкімдердің есепті кездесуінің өзінде ауылдық клуб үйлерін жылыту қиынның қиыны еді. Оның үстіне техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі мүлдем сын көтермейтін. Іс-шара ұйымдастыруға бөлінетін қаржы да, сала қызметкерлерінің жалақысы да мардымсыз болатын. Міне, осындай күрделі кезеңдерде еңбек етіп, өз мамандығына, қызметіне деген сүйіспеншілігінің негізінде барлық қиындықты артқа тастаған Зағира Ахметова сол кездерді ой елегінен өткізді.
– Ауылдағы бұрынғы клуб үйі 1964 жылы салынған еді. Күрделі жөндеу жүргізілсе де нысанның тозығы жеткені, сахнасының және көрермендерге арналған орындықтардың дұрыс жабдықталмауы жұмысымызға кері әсер ететін. Тіпті, ауқымды іс-шара ұйымдастырарда өзіміз от жағып, өзіміз тазалықшы болып, ортақ абырой үшін еңбек ететінбіз. Сол олқылықтың орны толып, 2015 жылы ауылымызда 150 орындық жаңа клуб үйі пайдалануға берілді. Қазір жаңа, жылы ғимаратта еңбек етіп келеміз. Ауылдың мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарды тұрғындар жақсы біледі. Әрбір мерекеде, атаулы күнде іс-шара өткізу дәстүрге айналған, – дейді Зағира Саханқызы.

Іргесінде тарихи-этнографиялық ескерткіштер орналасқан Іңкәрдария ауылының тарихы өте бай. «Мүлкілән әулие» мазары, «Сырлытам» кесенесі, «Баршынкент», «Заңғар қала» қалашығы мен «Қырық қыздың қорғаны» ауылдың тарихын тереңдетіп, қадір-қасиетін арттырып тұр. Осынау киелі орындарды насихаттау, кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру де ауылдың мәдениет саласына жүктелген міндет. Бұл ретте, клубтың екінші қабатында арнайы суреттер топтамасы әзірленіп, бүтін бір қабырға жабдықталғанын атап өтуіміз қажет. 2019 жылы аудан әкімімен бірге әлеуметтік нысандарды аралап жүргенімізде осы жұмысты көріп, көңіліміз толып, өзге клубтарға үлгі етуді ұсынған болатынбыз. Сондай-ақ клуб үйінде орналасқан ауылдық кітапхананың да жемісті жұмысы мен жетістіктері жетерлік. Білікті басшы Зағира Ахметовамен бірге ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан, әр ісіне тілекші ардагерлер кейіпкеріміздің іскер ұйымдастырушы екенін айтады.
– Ауыл мәдениетін дамытып, өнерін өрістетуге, таланттылардың танылуына Зағира көп еңбек сіңірді. Өткенге көз жүгіртсем, Ұлыстың ұлы күніне орай көше жарыстарын ұйымдастырғанымыз еске түседі. Әр көшеге киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы жарыстар өткізілетін. Сонда Зағира бәрінен бұрын келіп, іс-шараның мәні мен мазмұнын есте қаларлықтай етіп ұйымдастыруға жанашырлықпен атсалысатын. Сосын уақытпен санаспайтын әдеті бойынша бәрімізден кеш қайтатын. Кейде оны үйінен жұмысында көп болатын шығар деп ойлайтынбыз. Өз жұмысына берілген, әр істі жауапкершілікпен атқаратын осындай маманның ауылымызды болуы біз үшін қуаныш, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Әбілжаппар Сырлыбаев.
Иә, еңбектің еленгенінен әрі іргелі істердің сабақтастық негізінде жалғасын тапқанынан артық қуаныш жоқ. Еңбегі еленген кейіпкеріміздің марапаттарын тізбектесек, мақаламыз созылып кетеді. З.Ахметова ешкімнен атақ, марапат сұрап, есік жағалаған емес. «Мәдениет саласының майталманы» құрметті атағы бар екенін, ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Құрмет грамотасын» иеленгенін айтсақ жетіп жатыр. Ал іргелі істердің жалғасып, сабақтастық табуына қызы Әйгерімнің анасының жолын жалғап, мәдениет саласында тер төгіп келе жатқанын жарқын мысал етуге болады. Бүгінде ауылдық клубта еңбек ететін жоғары білімді жас маманның өзгелерге үлгі етерлік жетістіктері көп. Төрт қыздан тараған немерелерінің қызығына кенеліп отырған ардақты жан ұрпақтарымен мақтанады, мәдениет саласында еңбек еткенін мақтаныш санайды. Лайым, ауыл мәдениетінің айнасы бола білген Зағира Саханқызына көктем мерекесі құт-береке әкелгей!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ