Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Департамент тарапынан қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілуде

Департамент тарапынан қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілуде

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің маңызды құралы. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алушылардың құқықтарының бұзылуы мемлекеттік басқарудың тиімділігіне нұқсан келтіреді және азаматтардың сенімін төмендетеді. Қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру – мемлекеттің азаматтарға деген міндеттемесінің ажырамас бөлігі.

Сондықтан, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне басымдық беріліп, қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Департаментке түскен шағымдар заң аясында қаралып, тиісті шаралар қолданылады. Мысалы, Департаментке ағымдағы жылдың қыркүйек айында қала тұрғынынан «Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру»мемлекеттік көрсетілетін қызметінің нәтижесі Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі (бұдан әрі – Бөлім) тарапынан қате берілгені туралы шағым түскен. Қызмет алушы өз шағымында бюрократиялық кедергілерге тап болып, әуре-сарсаңға түскенін мәлімдеген.

Шағым негізінде Бөлімге жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 наурыздағы №168 бұйрығымен бекітілген Қағидалардың 2-тарауының 12-тармағына сәйкес, көрсетілетін қызметті беруші өтінішті келіп түскен күні тіркеуі тиіс. Құжаттарды қарау және анықтама беру мерзімі 6 жұмыс күнін құрайды. Сондай-ақ, шешім қабылдау үшін жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жеріне бару және мекенжайдың тіркеу кодын (МТК) «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде міндетті тіркеуді жүзеге асыру қажет.

Тексеру барысында Бөлім қызметкері қызмет алушының өтініші бойынша жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жеріне бармағаны және мекенжай нөмірін көршісінің мүлкіне де бергені белгілі болды. Бұл қызметтің сапасыз көрсетілуіне және мемлекеттік көрсетілетін қызметтің тәртібінің бұзылуына әкелген. Нәтижесінде, шағым берушімен қоса, тағы 10 қызмет алушының құқықтары бұзылғаны анықталды, яғни жалпы 11 адамға мекенжай нөмірлері қате берілген.

Департамент бұл мәселеге шұғыл түрде ден қойып, Бөлімге ұсыну енгізді.
Нәтижесінде, 1 қызмет алушының мекенжай анықтамасы бұған дейін Бөліммен екінші мәрте берілген нөмір бойынша сәйкестендірілді және 10 қызмет алушыдан жаңадан өтініштер қабылданып, мекенжайын айқындау бойынша анықтамалар қайтадан беріліп, бұзылған құқықтары толықтай қалпына келтірілді.

Бұл оқиға мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтіп, қызмет сапасын арттырудың маңыздылығын көрсетеді. Департамент алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жалғастырады.

Егер, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заңнама талаптары сақталмаса, мерзімі бұзылса, негізсіз бас тартылса, артық құжаттар талап етілсе немесе мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі бұзылса – азаматтар құқықтарын Департаментке eotinish.gov.kz, Kenes1414Bot платформалары арқылы онлайн түрде немесе Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі №1 мекенжайы бойынша жазбаша түрде шағымдану арқылы қорғай алады.

Байланыс нөмірлері: 8 (7242) 70 56 36, 8 (7242) 70-00-40.
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Қызылорда
облысы бойынша
департаментінің Мемлекеттік
қызметтер көрсету
басқармасының бас маманы
З. Арынова
14 қазан 2025 ж. 45 0