Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дарынды драматург есімін иеленген мәдениет үйі

Дарынды драматург есімін иеленген мәдениет үйі

Шіркейлі ауылындағы Қалтай Мұха­меджанов атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары, талантты жастары ауыл халқына ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан салт-дәстүрдің құндылығын арттыру жолында қызмет етіп келеді. Мұндағы өнерпаздардың арасында талантына таңдай қақтыратын ақын да, күміс көмей әнші де, домбыраның құлағында ойнайтын күйші де бар.

«Ауылдың алты ауызы» атан­ған өнер иелері ауыл тұрғын­дарының мәдени демалысын дұрыс ұйым­дас­тыруға бе­кінген. «Ауыл – ұлттың ұясы» деп біл­сек, ұлттық өнер­дің бастауы да сол – ауылдық мәдениет үйі.

Шіркейілі ауы­лының орта­лығын­дағы мәдениет оша­ғы 1983 жылы салы­нып, 41 жылдан бері халыққа мәдени қызмет көрсетіп келе­тін іргелі орынға айналды. Мәдениет үйінде 10 қызметкер жұмыс жасаса, оның төртеуі арнайы сала мамандары. Ізденіс пен жаңашылдықтың арқасында 2018 жылы арнайы «Балет және ұлттық би өнерін дамыту және қолдау қоры­ның» қаржыландыруымен би залы жабдықталды. Қазір бұл залда ауылдың атын елге танытып жүрген жас өнерпаздар би өнеріне машықтануда.

–Ауылдағы мәдениет үйіне 2019 жылы Қазақстан Республикасы мәдениет министрінің қаулысымен жазушы-драматург Қалтай Мұхамед­жановтың есімі берілді. Мәдениет үйі жанында 7 үйірме жұмыс жасайды. Ән, көркемсөз оқу, қобыз, «Шаттық» халықтық үлгілі би тобы, «Көңілашар» халықтық әзіл-сықақ отауы, «Ақ Дариға» халықтық әжелер ансамблі және «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы жанындағы «Домбырамен ән салу» үйірмесі. Осы үйірмелерге 93 өнерпаз тартылған. Үйірме мүшелері халықаралық, республикалық, об­лыс­тық, аудандық байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Жыл басынан бері өнерпаздар 9 аудандық, 5 облыстық, 1 республикалық байқауға қатысып, жақсы нәтижеден көрінді, – дейді мәдениет үйінің директоры Мақсұт Әбсадықов.

Ауыл орталығындағы заманауи жабдықталған мәдениет ошағы ел игілігіне берілген күннен бас­тап ел дамуына қызмет етіп, әсі­ресе, мә­дениеттің озық деңгейін қалып­тас­тыруды қолға алды. Ауылдың рухани бай құндылықтарын дамыту мәселесін алдыңғы кезекке қойып, мәдениеттің мәйегін өнер арқылы дәріптеп, халық­тың жүрегінен орын алуына жыл бойы іс-шара өткізуде.

Шіркейілі ауылында көптеген та­лантты тұлғалар түлеп ұшты. Дарын­дылардың алтын бесігі саналатын ауылда қазақтың драматургиясының алыбы Қалтай Мұхамеджанов дүниеге келсе, сахна саңлағы Сәбира Майханованың кіндік қаны тамған киелі жер. Өлең-жырдың, өнердің ордасына айналған қарашаңырақ – ауылдық мәдениет үйі ұлттық құндылықтың қайнар көзі іспеттес.

Мәдениет үйінің мамандары өнер­паздарды өнерге баулуда ізденісті серік етіп, жас жеткіншектердің талантын ашуда. Сахна мәдениетіне машық­тандыруды мақсат еткен еңбектің нәтижесі де жемісін беруде. Әсіресе, ұлттық өнерді насихаттауда ауыл өнерпаздары алдына жан салмайды. Аудандық байқауда бақ сынаған Диас Асылхан мен Нұрбибі Тынысбек «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты жоғары сынып мектеп оқушылары арасында өткен байқауда ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар жас өнерпаз Талшын Иса Қазақстанның және КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың туғанына 110 жыл толуына орай өткен «Сахна тарланы – Сәбира» атты аудандық мектеп оқушылары арасында өткен монолог орындаушылар байқауында бас жүлде иеленді.

Облыстық байқауларға тоқталсақ, шіркейлілік өнер­паз­дар ХХVI облыстық «Бозторғай» конкурсында «Шаттық» халықтық үл­гі­лі би тобы І орын алып, ауыл мәдениетінің мәртебесін биіктетті. Шіркейліде даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері, ардақты ана Бал­дырған Мұстапаеваның туға­­нына 85 жыл толуына орай өткен «Еңбекпен даң­қы өрлеген» атты об­лыстық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Мү­шайрада шіркей­лілік жас ұстаз Биболат Опабеков дараланып, бірнеше жүлдегер қатарынан көрінді. Ауыл­дың өнерпаздары сах­на­­лық қойылым қоюда да үздіктердің көшін бастады. Сөзімізге дәлел мәдениет үйінің өнерпаздарынан құрал­ған «Көңіл­­ашар» әзіл-сықақ отауы түрлі байқауларға қатысып, өнерлеріне көрермен жақсы баға беруде. Соның бірі Қазалы ауданы, Бозкөл ауы­лында мәдениет саласының ар­да­­ге­рі, киномеханик Мейрамбай Әлімбаев­тың 85 жасқа толуына орай «Еңбегі ерен нар тұлға» атты кино­үзінділер көрсетуден өткізілген об­лыс­тық байқауда топ жаруы сөзіміз­ге дәлел болады.

– Мәдениет үйінде жыл басынан 14 іс-шара өткізіліп, 5047 көрермен тартылды. Мәдениет үйінде әрбір іс-шара жоспарға сай өткізіліп, сапасына мән беріледі. Даталы күндерге арналып өтілетін іс-шарамен қатар, ауыл халқына жақсы демалыс сыйлайтын мәдени кеш өткізу де еш толастаған емес. Мәселен, ауыл мекемелері арасында кинорежиссер, актер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Кино – тарих» атты кинопародия байқауы өткен болатын. Байқауға ауылдағы №15 «Нұр-бақыт» балабақшасы, №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейі, ауылдық өнер мектебі және мәдениет үйі ұжымының қызметкерлері қатысты. Бай­қау өте қызық әрі тартысты өтті. «Көңілашар» халықтық әзіл-сықақ отауының «Әзіл-шыны аралас» атты концерті де көрерменге жақсы демалыс сыйлады. Ұжым мүшелері Сақтапберген Әлжіковтің «Әже­ге сыбаға» атты сықақ әңгімесінің желісіне құрылған интермедияны, Сейіт Кенжеахметұлының «Дүние кезек» атты әзіл әңгімесінің желісіне құрылған интермедияны, Қабдрахман Отарбайдың «Пара» интермедиясын сах­налады, – дейді мәдениет үйінің басшысы.

Биылғы жылы мәдениет саласында іске асқан «Адал адам – мәдени-тәрбие беру орталығы» тұжырымдамасын жүзе­ге асыруда айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын айту керек. «Сұхбат Time» жобасы аясында қызықты кездесулер ұйымдастырылса, «Креативті НUВ» жобасы аясында ауылдың қол­өнер шеберлері шақырылып, бесаспап шеберлердің көрмесі таныстырылды.

Ауылдың даңқын асырып жүрген таланттардың ордасы саналатын мә­дениет үйінің өнерпаздары осылайша өнердің өркен жаюына кең қанат сермеп, ұйытқы болып келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
11 маусым 2024 ж. 241 0