Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Асқардың ізімен...

Асқардың ізімен...

«Поэзиялық, прозалық туындылар жазғаннан гөрі, сатира жазу қиынның қиыны». Бұл әдеби әлемнің әкімі атанған Әкім Таразидің сатира жанры туралы жазған көлемді мақаласының бастапқы сөйлемі екен. Расында, сатира жанрында қалам тербеу екінің бірінің қолынан келмейді. Тек дара дарын иелері ғана бұл салаға бетбұрыс жасайды һәм батылы барады.

Біз сатираның сардары Асқар Тоқмағамбетовті жерлесіміз ретінде мақ­тан тұтамыз. Алақандай ғана ауыл­да туып, алты Алашқа танылған ақынды сырдариялықтар ерекше құрмет­тейді. Ардақты ақын бір өлке ғана меншіктейтін тұлға емес, ол – әдебиет әлемінде өзіндік орны бар ұлтымыздың біртуар перзенті. Сол секілді Оспанхан Әубәкіров пен Толымбек Әлімбекұлы да – қазақтың қай қиырына да ортақ тұлғалар, талантты азаматтар. Өмірден өткенімен артына өшпес із қалдырған сатира саңлақтарын сырдариялықтар еске алып, Асқар Тоқмағамбетов ауылын­да облыстық мүшәйра өтті. «Асқар­дың ізімен...» деп аталған жыр мүшәй­расына Арал мен Жаңақорған аудан­дары аралығынан барлығы тоғыз ақын қатысып, екі кезең бойынша өз туын­дыларын сахна төрінде оқыды.

Мүшәйраны ауыл әкімі Ғабдолла Алданазаров ашып, сатирик ақын­дардың шығармашылығы жөнінде пікір білдіріп, жас ақындарға сәттілік тіледі. Ақындар алғашқы кезеңде сатира жанрында қалам тербесе, екінші кезеңде Оспанхан Әубәкіров пен Толымбек Әлімбекұлының туындыларын жатқа оқыды. Талапкерлердің туындыларын, сахна мәдениетін меңгеруін ақын, №137 орта мектебінің директоры Бағдат Есназар, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі­нің бас маманы Ақбота Асанова баста­ған қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде екі кезең бойынша ерекше дараланып, талантымен көзге түскен Жаңақорған ауданының ақыны Ақниет Мәулен бас жүлдені жеңіп алды. Ал жүлделі І орын Іңкәрдария ауылының атынан қатысқан Малика Қожақоваға бұйырды. Қос бірдей ІІ орын жалағаштық Мейіржан Қартбай мен облыс орталығынан келген Бек-Сұлтан Бағдатұлына берілді. Сәйкесін­ше жүлделі ІІІ орын аралдық Жанұзақ Серік пен қызылордалық Нұркелді Өтепбергенге табысталды. Қалған үш ақынға ынталандыру жүлделері берілді. Мүшәйра жеңімпаздары қаржылай сыйлықпен, дипломмен мара­пат­талды. Іс-шара соңында ауыл­дық мәдениет үйінің директоры Әсел Ибраева қатысушыларға алғысын айтып, шығармашылық сәттілік тіледі.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
25 мамыр 2024 ж. 146 0