Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құралаймен тілдескен ақын

Құралаймен тілдескен ақын

Әдебиеттің поэзия, проза, әсіресе сатира жанрында көсіле қалам тербеген тұлғаның бірі – Асқар Тоқмағамбетов екендігін ендігі ұрпақ ұмыта бастады.

Қазіргі журналистика жаназасын шығарып тастаған жанрдың бірі – фельетон болса, заманында қаламгерлердің көбін фельетонист ретінде жоғары бағалайтын. Бұл ретте, қазақ əдебиетіндегі памфлет жанрын дамытуда Асқар Тоқмағамбетовтің ерекше рөл атқарғанын ұмытпаған абзал. Сатирик ақынның «Тəйірі бұда қылмыс болып па?», «Қылтың, сылтың» дейтін фельетондары осы күні де өзектілігін жоймаған тақырыптар. «Қошқары қоздап, айғыры құлындағандар», «Тығынбаев тығындайды да, Қалдашбаев мығымдайды», «Құлқындастар», «Қара бесті қайда?» сынды фельетондарының атауының өзі қандай?!

Əдебиеттанушылар Тоқмағамбетовтің драматургия, аударма саласындағы еңбегі де елеулі екендігін дəйектейді. Кезінде Мұхтар Əуезов оны «Қырғи тілді Асқар» деп бекер айтпаған сатира сардарын қоғамдағы адамдыққа қайшы қасиеттердің бəрін ащы əжуалаған шебер ретінде бүгін үлкен құрметпен еске алу парыз.

Ал енді «Бір суреттің сыры» айдарына сұранып тұрған сирек фотоның иесі – қызылордалық ардагер фототілші Болат Омарəлиев. Мұндай керемет кадрды Болат Омарəлиевтің ғана түсіре алатындай жөні бар. Біріншіден, байырғы фототілші 1905 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген Асқар Тоқмағамбетовпен жерлес. Екіншіден, Болат ағамыз ол кісінің туған өлкесіне келген сайын сенімді серігінің бірі болған адам.

– Қазақ сатирасының атасы, ақын Асқар Тоқмағамбетовпен ел аралауға көп шықтық. Қалай көктем келеді, қара күзге дейін қалың тоғайдың арасына киіз үй тігіп, жазуға отырады. Ешкіммен кездеспейді, қонаққа бармайды, қай жерде үй тіккенін ешкімге айтпайды. Тек мен білемін, анда-санда Асекеңе соғып тұрамын. Тек маған рұқсат етуші еді. Мен ол кісінің өзіме ұнаған қимылдарын байқатпай суретке түсіріп отырамын. Неге түсіріп жатсың деп, ештеңе айтпайды. Түсіріп жүрген суреттерің қайда деп те сұрамайды. Айтқандай, бұл суреттің оқиғасы бар. Бірақ осы фотоны Асқар ағамыздың өзіне де бермеппін. Бірде Асекең екеуміз жолға шықтық. Баратын жеріміз – Қармақшыдағы жыраулар ауылы. Астымызда Асекеңнің жекеменшік «Волгасы». Айлық төлеп, жүргізуші ұстайды. Жолда келе жатсақ алдымызды Қарақұйрық (жайран) кесіп өтті. Жаңа туған құралайы жүре алмай қалып қойды. Асекең екеуміз қаумалап ұстап алдық. Асекең құралайды машинада құшақтап отырып, көзіне жас келердей толқып отырды. Айтпақшы, Асекеңнің кемпірінің аты да Құралай еді. Жолда уыз емген құралайдың сап-сары тоңғағы ақынның үстін былғады. Қой, бұлай болмайды екен деп жолда кездескен бір қойшыға құралайды тастап кеттік. Келер жылы Асекеңнен сол лақтың жайын, əлі сол қойшыда ма екен деп сұрадым. – Жоқ, – деді Асекең. – Ақбөкендер келіп жатқан кезде соларға қосылып кетіпті. Бұл 1975 жылдары болған оқиға еді.

Айнаш ЕСАЛЫ,
Егемен Қазақстан
13 ақпан 2021 ж. 529 0