Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Нұраймен» әлем сахнасын бағындырған

«Нұраймен» әлем сахнасын бағындырған

Би өнері – ғажап өнер. Би – қозғалыс, өмір. Адамның жан әлеміне ерекше сезім беретін өнерді меңгеру қажырлы еңбекті және талантты қажет етеді. Бұрын би өнері ауыл өнерпаздары үшін таңсық болса, мамандардың келуімен күрделі өнерге жас жеткіншектерді баулу қолға алынды. Айдарлы ауылында би өнерінің қыр-сырын меңгертіп, жас жеткіншектерді өнерге баулып жүрген хореограф Ләззат Бекарыс­танова би өнерін ауылға әкелген алғашқы маманның бірі. Бүгінде кәсіби маманның алғашқы қарлығаштары үлкен сахналарды бағындырып, құдіретті өнерді шебер меңгерген бишілер.

Би тобына «Нұрай» атауын беріп, бір­неше жас аралықта топ құрып, жас биші­лерді үйретіп жүрген хореограф ізденістің, үлкен еңбектің арқасында соңғы 3-4 жыл көлемінде әлем сахнасына шығып, ауылдың атын шығарды.

– 1980 жылы 16 ақпанда өмірлерін мәдениет саласына арнаған отбасында дүниеге келдім. Әкем Тілеген – белгілі клуб қызметкері, анам Бағдагүл – кітапханашы. Мектепте 5 сынып оқып жүргенімде өзім туып-өскен Тасбөгет кентіндегі музыка мектебіне барып, сол кезде жаңадан ашылған би сыныбына қабылдандым. Ұстазым – есімі Сыр еліне белгілі хореограф Хафиза Сүлейменова болды. Ол кісі би десе ішкен асын жерге қоятын өте білікті маман. Жетекшіміздің ізденісі, еңбексүйгіштігіне тәнті болатынбыз. Би өнеріне деген қызығушылығымды одан сайын арттырып, кәсіби маман атануыма ұстазым себепкер болды десем артық айтқандық болмас. Мектепте сегізінші сыныпты бітірген жылы Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық училищеде би сыныбы ашылды. Би тобына алғашқылардың бірі болып қабылданғанымда қуанышымда шек болмады. Училищеде ұстазым атақты Шара Жиенқұлованың шәкірті Төребек Бақтыбаев болды. Білім мен біліктілікті қатар алып, нағыз маман атанып, оқу орнын бітіргенімде жас маман ретінде Қызылорда қалалық мәдениет үйіне қызметке қабылдандым, – дейді өмірін осынау ғажайып өнерге арнаған кәсіби маман Ләззат Тілегенқызы.

Алғашқы еңбек жолынан бастап мәде­ниет үйінде өтетін барлық іс-шара­лардың ортасынан табылған жас маман облыс көлемінде өтетін мәдени көпшілік іс-шараларға да қатысты. Жас бишінің өнері, би дайындау кезіндегі шеберлігі, хореографиялық композиция қоюдағы ерекшелігі жоғары бағаланды. Драмалық қойылым­дарда қабілет-қарымын шыңдады. «Сиқырлы айна» қуыршақ театрының, «Мереке» әзіл-сықақ ұжымының белді мүшесі атанды. Есімі өнер әлеміне белгілі мәдениет майталманы Азиза Іздіқұлованың шеберлік мектебінде біліктілігін арттырды.

Ләззат Тілегенқызы 2000 жылы Айдарлы ауылына келін болып түседі. Тәжірибелі маман Ғ.Жанұзақов атындағы Айдарлы ауылдық клуб үйіне жұмысын ауыстырады. 2012 жылы алғаш рет «Нұрай» би тобын құрып, жас өнерпаздарды өнерге баули бастайды. Клуб директоры Анар Қалдыбаеваның қолдауымен үйірмеге өнерпаздар тартылып, түрлі ұлттық киім тігіліп, «Нұрай» би тобы мүшелері биік шыңдарды бағындыруға мүмкіндік алды. Соңғы 3-4 жылдағы қажырлы еңбектің жемісі – халықаралық би байқауларында топ жаруы. 2021 жылдың қаңтар айында «International creative festivals around the world» орталығының ұйымдастыруымен «Super World Talent 2020» атты халық­аралық байқауда «Нұрай» би тобы «Қарлығаш» биімен қатысып, жүлделі І орын­ды иеленді. Сол жылдың ақпан айын­да Германия елінде өткен «Frohlichen Valentinstag 2021» байқауда қазақстандық би тобы орындаған «Қарлығаш» биі сәтті шығып, І орынды алды. 2021 жыл нұрайлықтарға жетістікке толы жыл болды. Бишілер Грекияда өткен «International festival contest» байқауында ІІ орынмен марапатталды. Шетелдік сапар тамыз айында жалғасып, АҚШ-та өткен «International multi-genre competition-fwstival» байқауының жұлдызын жандырды. Қазылар алқасы «Нұрайдың» өнеріне тәнті болып, «Гран-при» жүлдесін табыстады.


Ләззат Бекарыстанова жетекшілік ететін «Нұрай» би тобы жемісті жолдарын әр жылдары жалғастырып келеді. Олардың орындауындағы әр ұлттың биі «Би – өмірдің шаттығы», «Би – ұлт мәдениетінің биік шыңы», «Жүрек жылуы», «Жұлдыз Стар» атты аудандық, облыстық байқауларда топ жарды. «Бозторғай» ХХҮІІ балалар шығармашылық байқауы да айдарлылық өнерпаздарға жетістік әкелді. Ермахан Әділет пен Ыдырыс Кәмшат дәстүрлі ән жанры бойынша «Беу, айдай» әнін орындап, жүлделі ІІІ орынмен марапатталса, би жанры бойынша «Нұрай» би тобы «Қазақ» биімен ІІ орынға шықты.


Тыңғылықты дайындық пен өнерге деген шынайы сүйіспеншілік «Нұрай» би тобына Болгария еліне аттануға жолдама берді. Мұнда «Утринна звезда» атты халықаралық өнер байқауы өтіп, өнерпаздар «Қазақ» биін сахнаға алып шықты. Сәтті орындаумен құрмет қошеметке бөленген бишілер бұл жолы да І орын иеленді. Қазақтың ұлттық биін нақышына келтіріп, шебер орындаудың арқасында Грузияда өткен «International Festival Contest» өнер байқауын бағындыруға мүмкіндік алды. Өнерпаздар қарсыластарын жеңіп, І орынды алып, айды аспанға шығарды. Би үйірмесінің мүшелері жеке орындаумен де байқауларға қатысады. Ауданда өткен «Би өнері – мәдениетіміздің мәртебесі» атты жеке орындаудағы аудандық биші­лер байқауында Айым Жалғасбекқызы қатысып, «Алғыс хатпен» марапатталуы ұстаз еңбегінің жемісі.

– Биылғы үлкен жетістігіміз – «Боз­торғай» шығармашылық өнер бай­қауының аудандық іріктеу кезеңіне қатысып, облысқа жолдама алдық. Алда облыстық байқаудың жүлдегері болу мақсаты тұр. Ол үшін өнерпаздармен бірге көп еңбектену керек. Би өнерінің қыр-сырын үйретуден ешқашан жалыққан емеспін. Өнер – киелі. Киелі сахнада өнер көрсетуге үлкен жүрек керек. Сондықтан өнерпаздарымды үнемі психологиялық тұрғыдан да жат­тықтырып отырамын. Өнер­паз­дарды сахнаға алып шығу арқылы Айдарлының атын әлемге таныта беретін боламыз, – дейді хореограф Ләззат Бекарыстанова.

Иә, шалғайдағы шағын ауыл Айдар­лы­ның атын әлемге танытып жүрген «Нұрай» би тобының еңбегі шын мәнінде мақтанатындықтай. Өнер жолында жүрген нұрайлықтарға сәттілік тілейміз!

Бибісара ЖАНӘЛІ
27 сәуір 2024 ж. 147 0