Қызылордада Сырдария ауданының жәрмеңкесі өтуде
Бүгін Қызылорда қаласында Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Берекелі шараның негізгі мақсаты – жергілікті шаруалардың еңбегін дәріптеу, отандық өнім өндірушілерді қолдау және қала тұрғындарына сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағамен ұсыну.Жәрмеңкеге аудан шаруашылықтары мен кәсіпкерлері тарапынан мол көлемде өнім жеткізілді. Атап айтқанда, тұрғындарға 65 тонна ақ күріш, 40 тонна картоп, 20 тонна жуа, 2 тонна жылқы және сиыр еті, 3 тонна жеміс-жидек ұсынылуда. Дала еңбеккерлерінің маңдай терімен өндірілген өнімдер тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға және азық-түлік тауарларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерімен қатар, ұлттық құндылықтар мен қолөнер дәстүрін дәріптеуге де ерекше мән берілген. Келушілер назарына қолөнер бұйымдары, жеміс-жидек пен көкөністер көрмесі ұсынылып, арнайы алаңда үй жануарлары таныстырылуда. Сондай-ақ ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылған. Бұл жәрмеңкенің мазмұнын байытып, ұлттық дәстүр мен ауыл мәдениетін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтардың өнімдері көпшілікке ұсынылуда. Мұндай бастамалар ауыл кәсіпкерлерінің әлеуетін арттыруға, жергілікті өндірісті өркендетуге және еңбек адамдарының кәсібін кеңінен насихаттауға жол ашады.
Береке мен бірлікті ұштастырған жәрмеңке аясында арнайы концерттік бағдарлама да ұйымдастырылуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен мәдени шаралар тоғысқан бүгінгі басқосу қала тұрғындарына Сырдария ауданының әлеуетін танытып, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуда.







