Қызылорда облысында «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтуде
Республика күніне орай елімізде өтіп жатқан «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына Қызылорда облысы да белсенді қатысуда. Акцияға облыс бойынша 31 сауда нысаны қатысып, «Bereke Fest» акциясы бойынша 5–25 пайыз, ал «Republic Day» акциясы аясында 10–50 пайыз аралығында жеңілдіктер ұсынылуда.Бұл тұрғындарға күнделікті қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып алуға, отбасылық шығындарды үнемдеуге және сауда жасау кезінде қосымша мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады.
Республикалық акциялар аясында сауда нысандарында жеңілдіктер ұсынумен қатар, мерекелік мәдени-танымдық іс-шаралар да ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, мерекелік концерттік бағдарламалар, патриоттық әндер, түрлі байқаулар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, тауар өндірушілердің көрмелері және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мәдени іс-шаралар өткізілуде.
Бұл бастамалар тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік ортаның қалыптасуына ықпал етуде.
Осы арқылы өңірде тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін өзара тиімді мүмкіндіктер қалыптасып, республикалық бастамалардың әлеуметтік-экономикалық маңызы арта түсуде.
«Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары тұрғындарға тиімді бағада сауда жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, Республика күні мерекесінің маңызын айшықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және ел бірлігін нығайтуға үлес қосуда.
Қосымша ақпарат
«Republic Day» акциясына 23 сауда объектісі (2 сауда-ойын-сауық орталығы және 21 сауда үйі мен сауда орталығы) қатысуда.
Қызылорда қаласындағы «Aray City Mall», «Жібек жолы» сауда-ойын-сауық орталықтары, «Байұзақ Плаза», «Ағжан», «Aizada Plaza», «ADS Plaza», «Отырар», «Айтбек», «Modnica», «Luxury Mall», «Модный рай», «Фристайл» және «Дәстүр» сауда үйлері мен сауда орталықтары қатысса, аудандардан Сырдария ауданындағы «Ақтілек» және «Айнұр», Жаңақорған ауданындағы «Қарабура» және «Береке», Қазалы ауданындағы «MARLEN», Қармақшы ауданындағы «Адина» және «Ботакөз», Шиелі ауданындағы «Планета» және «Bereke Mega», Жалағаш ауданындағы «Аминок» сауда нысандары қатысуда.
«Bereke Fest» акциясына 8 сауда желісі қатысуда:
Қызылорда қаласындағы «Magnum», «Small», «Қызылорда оптомаркет», «Радуга», «Анвар» және «Azhar City» сауда желілерінде, сондай-ақ Арал ауданындағы «Сымбат» және «Green» сауда желілерінде өткізілуде.







