Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды
Белгілі қаламгер, аудандық газеттің бұрынғы бас редакторы Дайрабай Тынышбек Майлыбайұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Мемлекет басшысының Жарлығымен берілетін мемлекеттік марапаттың ардақты азаматқа табысталуын сырдариялықтар зор қуанышпен қабылдады.
Сыр өңірінен шыққан атақты би, батыр, шешен, жыраулардың шығармаларын жинаумен айналысып, ұзақ жылдар іргелі ізденіс жұмыстарын жүргізген Тынышбек Дайрабайдың есімі тарих, әдебиет, мәдениет, журналистика салаларында құрметпен аталады. Бүгінде Алматы қаласында тұратын сырбойылық қаламгер бұрынғы Тереңөзек ауданының аудандық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, редактор, «Қараөзек» кеңшарының партком хатшысы, Тереңөзек аудандық партком бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ халықаралық «Түркістан» газетінде жемісті еңбек етіп, өзінің ғылыми, тарихи-танымдық сараптамалық мақалаларын республикалық газет-журналдарға жариялап, ел тарихын түгендеуге айрықша үлес қосты.
Қаламына құт қонған қаламгер өзінің еңбек жолында «Тоғанас батыр», «Қаңлы Жүсіп», «Кете Шөмекей шежіресі», «Тереңөзек», «Тұғыры биік тұлға», «Қорқыт Ата» энциклопедиясы, «Төребай», «Кете Жүсіп», «Дүр Оңғар», «Мұзарап ақын», «Сырдың сырлы сыры», «Түркістан альбомы», «Ақын Қуаныш Баймағамбетов», «Сырдария ауданының шежіресі», «Сыр перзенттері», «Билер сөзі – киелі», «Жеті тараудағы – жеті анық» еңбектерінің авторы атанды. Ол сондай-ақ ҚР Мәдениет қайраткері, Сырдария, Қармақшы, Жалағаш аудандарының «Құрметті азаматы» атағының иегері ретінде зор құрметке ие.
Республика күні мерекесінде Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталып, қажырлы еңбегі лайықты бағаланып жатқан қаламгерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атануымен шын жүректен құттықтаймыз. Биыл 80 жасқа толып, айтулы мерейтойына абыроймен жеткен ардақты азаматқа сырдариялық жерлестерінің атынан зор денсаулық, шығармашылық сәттілік тілейміз.
Айта кету керек, Т.Дайрабайдың 80 жылдығы аудан әкімдігінің қолдауымен ауданымызда қараша айында аталып өтіледі деп жоспарлануда.
А.ИБРАГИМҰЛЫ