Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мерейлі мерейтой – аудан мерейі

Мерейлі мерейтой – аудан мерейі

Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойына орай ауданда бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады. 10 қараша күні сағат 09.00-де басталатын іс-шаралардың өтетін орны мен уақыты жөнінде тұрғындарға ақпарат таратуды жөн көрдік.

Мерейтойлық іс-шаралар ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевты еске алуға арналған қазақша күрес турнирімен басталады. Республикалық турнир «Спорт мектебінде» өткізіледі. Жарысқа облыс аудандары мен көршілес аймақтардан спортшылар қатысады деп жоспарлануда. Турнир жеңімпаздары қомақты қаржылай және естелік сыйлықтармен марапатталатын болады.

10 қараша күні сағат 09.30-да Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәркен Исмағұловтың «Қара тасқа тіл бітірген» тақырыбындағы шығармашылық кеші және көрмесі ұйымдастырылады.

Бұл күні сондай-ақ күрделі жөндеуден өткізілген «Спорт клубы» сағат 10.00-де пайдалануға беріліп, спорттық жарыстар өткізіледі.

Мерейтой аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, журналист-этнограф Тынышбек Дайрабайдың 80 жас мерейтойына орай сағат 10.30-да «Шежіреден сыр шерткен қаламгер» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылады. Мүшәйра аудандық мәдениет үйінде өтеді, оған облыс аудандарынан ақындар қатысып, өз туындыларын ұсынады.

Осы күні «Соркөл» аумағынан ашылған жаңа алаңда сағат 11.00-де көкпар ұйымдастырылады. Көкпарға аудан елді мекендерінен және көршілес аудандар мен қалалардан спортшылар қатысады деп жоспарлануда.

Аудан мерейтойымен ақын, ҚР алғашқы Гимні авторларының бірі Жадыра Дәрібаеваның 75 жасқа толу мерейтойы тұспа-тұс келуде. Осыған орай ақынның құрметіне Тереңөзек кенті мәдениет үйінде сағат 11.30-да «Жарық дүние, кереметсің, керемет!» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өткізіледі.

Торқалы тойдағы марапаттау рәсімі Тереңөзек кентіндегі орта­лық стадионда 16.00-де өткізіледі. Сондай-ақ түстен кейінгі сағат 17.00-ден бастап орталық стадионда театрлан­дырылған қойылым және эстрада жұлдыздарының, жергілікті өнерпаздардың қатысуымен гала концерт, отшашу ұйымдастырылады.

«Тт» ақпарат
07 қараша 2023 ж. 359 0