Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры тағайындалды
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Денсаулық сақтау министрінің келісімімен, Міндетті әлеуметтік- медициналық сақтандыру қоры төрағасының бұйрығына сәйкес, қордың Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры қызметіне тағайындалған Рахменшеев Сапар Құттыбайұлы таныстырылды.Сапар Құттыбайұлына міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын өңірде тиімді жүзеге асыру тапсырылды. Қор қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылау, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруда нақты шаралар қабылдау керек.
С.Рахменшеев 1974 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1997 жылы Алматы қаласындағы наркологиялық орталықта дәрігер-психиатр-нарколог болып бастаған. Кейін аталған орталықта бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған.
Әр жылдары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитеті департаменттерінің директоры, Алматы қаласындағы №1 емхананың бас дәрігері болып жұмыс істеген.
2018 жылдан бүгінгі күнге дейін Алматы қаласындағы Психикалық денсаулық орталығының директоры қызметін атқарып келген.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










